Атыраулық оқушы биопластик ойлап тапты

Жаңа өнім табиғи қоспалардан жасалады және қоршаған ортаға қауіпсіз. 

Биопластиктің ыдырау уақыты ұзақ емес. Қазір бірнеше үлгі әзірленіп, сынақтан өткізіп жатыр.  

Асланбек Шығыр, тілші:

- Қолымдағы мына пластикалық бөтелке табиғатқа жылдар бойы зиянын тигізеді. Өйткені ыдырау уақыты жүздеген жылға созылады. Ал өртенсе, улы заттар бөлінеді. Жер бетінде күніне осындай миллиондаған бөтелке пайдаланылады. Ал оның салдары туралы көп адам ойлана бермейді. Осыны ескерген атыраулық оқушы табиғатқа зиянсыз биопластик ойлап тапқан.

Инабат Шабахова жаңа жобасын былтыр жүзеге асыра бастаған. Табиғатқа жанашар жас әуелі пластиктің зияны туралы әбден ізденген. Кейін биопластик жасап шығару туралы ойын жетекшісіне айтып, зерттеуге кірісіпті. Өнертапқыш оқушының айтуынша, биопластик бірде бір химиялық қоспасыз жасалады.

Инабат Шабахова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Пластикалық қалдықтар топырақта, суда жиналып, экологияға, адам денсаулығына орасан залал келтіреді. Осы мәселені зерделеп, жаңа өнім шығаруды қолға алдым. Биопластик крахмал, глицирин, сірке суы, агар-агар және жұмыртқа қабығы секілді табиғи заттардан жасалады. Мықты әрі төзімді етіп әзірлесе, күнделікті пластиктің орнын алмастырады деп ойлаймын. Болашақта түрлі ыдыс, пакет жасауды жоспарлап жатырмын.

Инабаттың жетекшісі Лазифа Қайратхан биопластиктің екі айда 10 процентке дейін ыдырайтынын айтады. Табиғи өнімдерден жасалғаннан кейін адам денсаулығына да зиянсыз. «Ал қазіргі пластиктерден канцерогенді заттар бөлініп, ол қатерлі ісікке шалдықтырады», - дейді ол.

Лазифа Қайратхан, ғылыми жетекші:

- Пластикалық ыдыстарды, пластикалық пакеттерді жинау жүргізіледі. Алайда оны екінші рет өңдеуге жібереді. Екінші рет өңдеуге жібергенде оны күйдіреді, жағады. Жаққан кезде химиялық қоспалар бәрібір де бөлініп шыға береді. Сондықтан біз табиғи жолын іздеуге тырыстық. Бұл пластикалық пакетті қазіргі уақытта прототип ретінде қолданып жатырмыз. Алдағы уақытта оны дамытып, нағыз масштабты өндіріске жібереміз деп үміттенеміз.

Қазіргі қолданыстағы пластикке экологиялық таза балама іздеу – бүгіннің басты талабы. Инабат жетекшісімен болашақта жобасын терең зерттеп, ғылыми байқауларға ұсынбақ. Кейін өндіріске шығару да жоспарында бар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин