Павлодарда 10 тілді меңгерген оқушы тұрады
Павлодарда нағыз полиглот оқушы тұрады.
Ол 10 тілде еркін сөйлейді. Ерекше қабілетімен елді сүйсіндірген оқушы әлемде ең қиын саналатын хинди, фин, араб және өзге тілдерді меңгеруді жоспарлап отыр.
Әсел Әбдірахымованың шет тілдерді меңгеруге деген ынтасы өзбек халқының мәдениетімен танысудан басталған. Оңтүстікте өскен жас бала теледидардан өзбек тілін жиі естіп, соның нәтижесінде оқулықсыз-ақ туыстас халықтың тілін үйренген. Қазір тәжік, орыс, ағылшын, француз, өзбек және қазақ тілдерінде еркін сөйлейді. Сондай-ақ қытай, испан, итальян және жапон тілдерін меңгерген.
Әсел Әбдірахымова, №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушысы:
-Тілдерді оқу, ол біріншіден, алфавиттегі әріптерді қалай оқудан басталады. Әрбір тілде өзінің оқу ережелері бар. Менің ата-анам үш-бес тілде сөйлейді. Әсіресе менің әкем әрқашан қолдайды, тілдерді оқу – өте жақсы, өте маңызды деп.
Қазір Әсел тіл білгенінің арқасында шетелден дос тапқан. Олармен түрлі тілде еркін сөйлеседі.
Әсел тілдік олимпиадалар мен көркемсөз оқу байқауларының жүлдегері. Ұстаздарының айтуынша, мұндай қабілет өте сирек кездеседі.
Гүлмира Игілікова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Өзінің тілге деген қызығушылығы жәй ғана тілді үйрену емес, сонымен қатар сол тілдің тарихын білу, мәдениетін білу, сол тілдің өнерін де білуге тырысады, жәй ғана сөйлесу ретінде емес. Және алдағы уақытта осы елдерді саяхаттап, тереңірек білуге де тырысып жатыр. Оның тілге деген қызығушылығы, ол өзінің бойындағы дарындылық деп санаймын.
11-сынып оқушысы алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Мектепті тәмәмдаған соң Париждегі Сорбонна университетінің «Құқық» факультетіне оқуға түсуді армандайды. Әселдің қабілеті мен табандылығы арманына жеткізеді, - дейді ұстаздары.
Асланбек Шығыр, Валентина Леонова, Марат Игіліков, Дәулет Көшкірбаев