Павлодарлық оқушы IT жоба ойлап тапты

Павлодарлық оқушы IT саласында әлемдік нарықты бағындырды. Игорь Мартынюктің стартап жобасын Google компаниясы қолдап, 16 млн. теңге қайтарымсыз грант бөліп отыр. 

Жас өнертапқыш жасанды интеллект негізінде теңдесі жоқ өнім жасап шығарды. Павлодарлық оқушы Игорь Мартынюктың стартап жобасы халықаралық мамандардың назарына ілікті. Бұл – жасанды интеллект негізінде құрастырылған зияткерлік бағдарлама. Ол қолданушының цифрлық белсенділігін зерделеп, жұмыс барысын басқарады. Бір сөзбен айтқанда, «ақылды көмекші».

Игорь Мартынюк, мектеп оқушысы:

- Бұл жоба сіздің не істейтініңізді жоспарлайды. Сонымен қатар алдағы күндердің жоспарын түзеді. Былайша айтқанда, мессенджер. Қолдануға өте ыңғайлы.

Жас өнертапқыштың өнімін әлем бойынша 20 мыңға жуық адам қолданған. Тың жобаға Google компаниясы да қызығушылық танытып, 16 млн. теңге грант бөлді. Бұл осындай стартап жобалардың халықаралық платформасы саналатын «Уай Комбинейтор» білім беру бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді. Енді Игорь Мартынюк алыс сапарға дайындалып жатыр.

Игорь Мартынюк, мектеп оқушысы:

- Мен – Орталық Азиядағы осындай жолдама алған алғашқы автормын. Әзірге жазғы білім беру бағдарламасына қатысамын. Егер жобам сәтті жүзеге асса, күзгі науқанға барамын. Ол жерде жарты миллион АҚШ доллары қарастырылған.

Оның бұл жемісіне мұғалімдері қуанып отыр. Олардың айтуынша, Игорь бастауыш сыныптарда спортпен шұғылданған. Ал соңғы жылдары ақпараттық технологияларға ден қойып, цифрлық жобаларды жүзеге асырған.

Татьяна Мигунова, мектеп директоры:

- Игорь – өте белсенді оқушы. Ол байқаулардан қалыс қалмайды. Информатика пәнінен қалалық олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы. Сондықтан біз оның дарынына сенеміз.

Қазір Игорь «Cursor» компаниясының амбассадоры атанды. Мектеп оқушысы енді Қазақстан мен Орталық Азия елдері өнертапқыштарының мүддесін қорғайды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, марат Игіліков