Мыңнан аса түлек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де кездесті

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің кездесуі өтті. 

Ауқымды шараға елдің әр өңірінен мыңнан аса адам жиналды. Биыл түлектер алтын ұясына ерекше қолдау көрсетті. Мысалы, химия факультетінің түлектері академик Хабиболла Оспанов атындағы аудиторияның ашылуына мұрындық болды. Заң факультетінде 1981 және 1996 жылғы түлектердің демеушілігімен жаңартылған дәріс залдарының тұсауы кесілді. Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, түлектердің қолдауы университеттің халықаралық деңгейдегі зерттеу орталығына айналуына ықпал етті. 

Марғұлан Ибраимов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры:

- Әр факультетте жаңадан аудиториялар ашылып жатыр. Осы түлектердің сыйы ретінде. Түлектеріміз жан-жақты. Мынау 80 пайызға дейін, 80 пайыздан жоғары жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар атақты түлектеріміз біршама. Мына кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп отыр. Енді ары қарай да осындай жалғасады деген үміттеміз.

«Түлектер күні» мерекесі аясында университетте бірнеше арт-нысан бой көтерді. Сонымен қатар жатақхана аумағындағы «Түлектер аллеясы» таныстырылды. Журналистика және шығыстану факультеті түлектерінің атынан арнайы шәкіртақы тағайындалды. Ол оқуда озат болған студенттерге беріледі.

Дастан Сартаев, әділет генерал-лейтенанты:

- Ұстаздарымыз бізге жақсы білім берді. Сол білімнің арқасында біз бәріміз жақсы жұмыс жасадық. Қызмет жасадық. Елімізге, жерімізге. Бүгін сол 45 жылдан кейін кездесіп отырмыз. Көбісін шынында да, біраз жылдан бері көрмеппін. Жап-жас 17-20 жастағы балалар сияқты бәріміз қуанып жүрміз.

Ләззат Айтханқызы, «Хабар» агенттігі» АҚ ардагер журналисі:

- Бәріміз сол 86 жылғы жаңадан бітірген түлектер сияқтымыз. Бәріміз сол студенттік кездегі сияқты мына аудиторияларды аралап, өзіміз отырған партаға отырып. Өзімізге дәріс берген ұстаздарымызды еске алып. Көзі тірілермен көрісіп.