iPhone 18 Pro бағасы өсуі ықтимал: басты себеп белгілі болды

Фото: iPhone 18 Pro

iPhone 18 Pro және  Pro Max модельдерінің бағасы жаңа камера мүмкіндігіне байланысты қымбаттауы мүмкін. iPhone 18 Pro және Pro Max смартфондарының негізгі камерасы айнымалы диафрагмасы бар оптикамен жабдықталады. Бұл жүйе түсірілімнің жарықтығын және фонның бұлдырау деңгейін бағдарламалық өңдеу арқылы емес, арнайы механикалық арнайы тетіктер көмегімен реттеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Wylsa.com порталы жазды, деп хабарлайды «24KZ».

 Мұндай технологияның жұмыс істеуі үшін арнайы электр механизмі қажет. Мамандардың  пікірінше, дәл осы механизм камера модулінің қымбаттауына негізгі себеп болып отыр.

 Сарапшы Мин-Чи Куоның мәліметінше реттелетін диафрагмасы бар камераның өзіндік құны қазіргі нұсқамен  салыстырғанда кемінде 1,5 есе жоғары болады.

 «iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдері жаңа айнымалы диафрагмасы бар камерамен жабдықталады. Бұл камера қазіргі модульге қарағанда кемінде 1,5 есе қымбатқа түседі», деді ол.

Бағаның өсуіне камерадан бөлек, жад чиптерінің қымбаттауы мен өндірістік қуаттарға байланысты бәсекенің күшеюі де әсер етуі мүмкін. 

 Apple тағы екі маңызды мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Олар:

Жад чиптері нарығындағы тапшылық салдарынан компоненттердің қымбаттауы;

NVIDIA компаниясымен TSMC зауыттарының өндірістік қуаттары үшін бәсекенің күшеюі.

«Бұл тек камераның емес, жалпы iPhone желісінің өндірістік құнына әсер етеді. Дегенмен Apple жаңа смартфондардың бағасын қазіргі деңгейде сақтап қалуға тырысады», деді Мин-Чи Куо.

 iPhone 18 Pro желісі 2026 жылдың қыркүйегінде таныстырылады деп күтілуде.