Мыңдаған мерзімді әскери қызметші тегін білім алу грантына қол жеткізді

Елде мыңдаған мерзімді әскери қызметші әскер қатарынан босап, үйлеріне оралып жатыр.

Олардың көбі қызметте жүріп, білім грантына ие болған. Енді отандық жоғарғы оқу орындарында тегін оқиды. Осылайша мінсіз әскери қызмет беделді университеттерде білім алуға жол ашты.

Павлодар өңірінің тұрғыны Юсуф Амри әскерде борышын өтеп жүріп, бала күнгі армандаған мамандығына түсу мүмкіндігіне ие болды. Ол әскерден Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында тегін білім алуға арналған грантпен оралды.

Юсуф Амри, Успен ауылының тұрғыны:

- Демалыс күндері күн тәртібіне сәйкес бізге фильм көрсететін. Сол кезде «Патриоттар уақыты» фильмін көріп, ұшқыш мамандығына қызығушылығым артты. Бұл мамандық маған үлкен әсер қалдырды. Олар тәулік бойы аспанымызды және халқымызды қорғайды. 

Юсуфты үйінде үлкен отбасы күтіп алды. Анасы сегіз баланы жалғыз тәрбиелеп өсірген. Сондықтан ұлының әскери қызмет барысында білім грантын жеңіп алуы отбасы үшін үлкен жетістік болды. Көп балалы ана бүгінде ұлын мақтан тұтатынын жасырмайды.

Маржан Амри, Ю.Амридің анасы:

- Қорғаныс министрлігінің грантын алғанымызға өте қуаныштымыз. Оның мақсатына біртіндеп болса да нық қадаммен жақындап келе жатқанына қуанамын. Ол бала кезінен әскери қызметкер болуды армандады. 

Павлодардағы Ұлттық Ұланның 5512 әскери бөлімінде де 17 сарбаз білім грантына ие болды. Әрқайсысы жоғарғы оқу орнын өз қалауынша таңдаған. Мәселен, алматылық Бақдәулет Әбдібек бала кезінен кино саласына қызығады. Әскерде алған сертификаттың арқасында ол енді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура факультетіне оқуға түспек.

Бақдәулет Әбдібек, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы:

- Өзімнің қалауым болды. Бала кезден, мектеп кезден армандайтынмын осы жаққа түсуді, осы академияға қызығатынмын. Режиссура, кино, кинология – өзім кинога жақын болатынмын. Американдық фильмдарды көп көретінмін. Қазақстанның киносы жақсы дамып жатыр қазір. Индустрияға былай өзім де үлес қосқым келеді. 

Сарбаздардың тегін жоғары білім алуына мүмкіндік Қорғаныс министрлігі, күштік құрылымдар және еліміздің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылуда. Алайда мұндай мүмкіндікке кез келген адам ие бола бермейді. Үміткерлердің әскердегі мінсіз тәртібі мен жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткіштері ең басты талап болып табылады.

Арман Пернеқұлов, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің командирі:

- Бұл бағдарлама бізде мемлекет тарапынан қарастырылған. 2024 жылдан бастап Отан алдында қызмет атқарған сарбаздардың әскердегі күнделікті тәртібі, жауынгерлік дайындықты меңгеруі, соның қорытындысы бойынша тест тапсырып, бұл әскери қызметшілер осындай сертификатқа ие болып отыр. 

Биыл жоғары оқу орындарына жолдама алған бұрынғы әскери қызметшілердің саны бірнеше мыңға жетті. Шекара бекеттері мен патрульдік қызметте Отан алдындағы борышын өтеген жастар енді студенттік аудиториялардан орын алмақ.

Бауыржан Шамшат, Валентина Леонова, Марат Игликов