Шұбаркөл көмірінен жасанды графит алынды

Шымкенттік ғалымдар жасанды графит алудың бірегей технологиясын ойлап тапты.

Шұбаркөл кен орнының шикізатын өңдеуге негізделген отандық әдіс, өндірістік кезеңге енгізілмек. Шетелден әкелінетін бұл материал энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Жаңа технологиялық жоба импортты алмастыра ала ма?

Шұбаркөл көмірінен алынған бірегей жасанды графит жоғары сапалылығымен және экологиялық тиімділігімен ерекшеленеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына салалық министрлік 100 миллионнан астам теңге бөлді. Жоба жетекшісінің айтуынша, технология импорттық шикізатқа деген тәуелділікті жоюға мүмкіндік ашады. 

Жамбыл Айменов, химия-технологиялық ғылымдар ҒЗИ директоры:

- Бұл жасанды графит химия өнеркәсібінде, атом өнеркәсібінде және энергетикаға қажетті әртүрлі детальдарды шығуға өте қажетті материал. Импорттық тәуелділікті жою үшін осы технологияны өндіріске ендірсек өте көп болады. Ол жерде сұраныс өсіп кетеді.

Ғалымдардың еңбегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда таныстырылды. Онда химия өнеркәсібін одан әрі дамыту және минералдық-шикізат кешенінің келешегі талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жас мамандарды даярлау ісіне назар аударды.

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі:

- Жобалардың біразын көрдім қазір. Практикаға бағытталған өте жақсы жұмыстар. Патенттелген барлығы. Халықаралық нормаға сай бәрі. Химиялық технология саласында Қазақстанның негізгі базасы, инженерлерді дайындау және ғылыми жұмыстарды жүргізетін осы университет болуы керек. Оған барлық мүмкіндіктер бар. 

Жиналғандар жасанды графит өндіру жобасына ерекше ықылас танытты. Сарапшылардың айтуынша, сұранысқа ие бұл материалдың табиғи түрін тазарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан ел үшін оны шикізат күйінде экспорттамай, дайын өнім ретінде нарыққа шығарудың пайдасы зор.

Тони Чжу, IESC Халықаралық алмасу және ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары /Қытай/:

- Біз өзара тәжірибе алмасып, минералды шикізатты өндірудің ең тиімді жолдарын көрсетіп жатырмыз. Оған қоса, өзіміздің де үйренеріміз көп екенін аңғардық. Бұл серіктестік Қазақстан мен Қытай экономикасының өркендеуіне зор үлес қосатынына сенімдімін.

Ғалымдар жаңа технологияны өндірістік мақсатта кеңейтуді көздеп отыр. Айтуларынша, жасанды графиттен бірегей наноматериалдар жасауға толық мүмкіндік туады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов