Павлодар облысында 9 мың педагог жасанды интеллект бойынша оқудан өтті

Биылғы жыл елімізде «Ақпараттандыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. 

Осыған сәйкес білім беру саласы да цифрлық трансформация бағытын қарқынды дамытып жатыр. Бұл үшін білім беру ұйымдарында заманауи инфрақұрылым қалыптастырылып, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге қажетті жағдайлар жасалып отыр.

Ернар Өтебаев, облыстық Білім беру басқармасы «ақпараттық технологиялар орталығы» КММ жетекшісі:

- Облыста 75 мектеп Starlink спутниктік байланысқа қосылған. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» деген мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Қазір бізде барлық мектептер 100 пайыз жылдам интернетке қосылған. 

Павлодар облысында 9 мыңға жуық педагог жасанды интеллект бойынша оқытудан өтті. Өңір шағын жинақты мектептерге жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша пилоттық алаң ретінде таңдалды. Жоба жаңа оқу жылынан бастап іске қосылады. Цифрлық білім беруді дамытуға «Келешек мектептері» де өз үлесін қосып жатыр.

Айнаш Қапбасқызы, Павлодар қаласының №47 орта білім мектебінің информатика пәнінің мұғалімі:

- Барлық кабинеттерде толық touch panel-дермен толық жабдықталған және осы мұғалімдер біздің Stem әртүрлі эксперименталдық қораптар, жинақтарды теориялық жағынан ғана емес оларды сандық жүйеде функционалдық өмірде қолдануға көп көмегін тигізіп отыр.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында да жасанды интеллект жүйесі көмекке келді. Заманауи технологиялар әсіресе білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиімділігін көрсеткен.

Әлімжан Таукен, Павлодар қаласы №48 орта білім мектебінің информатика пәнінің мұғалімі:

- Бұл қауіпсіздіктегі адам факторына тәуелділікті барынша азайттық. Платформа нейро желілер арқылы мектептегі агрессивті мінез құлықты, содан кейін төбелестерді және қаруды бар-жоғы автоматты түрде секунд ішінде анықтайды.

«Білім беру үдерісінде жасанды интеллектті қолданудың өз талаптары мен ережелері бар», - дейді мамандар. Бұл технология баланың білімін тереңдетуге мүмкіндік береді. Оқушылар арасында ақпараттық технологияларды дұрыс қолдануды түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілмек. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков