Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін 2600 түлек бітірді

Жаңа Конституцияның қолданысқа енуі аясында өткен диплом тапсыру рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.

Басқосуда Ата заңның ел дамуындағы маңызы мен білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселесі сөз болды.

«Жаңа Конституциямыз қолданысқа еніп, еліміздің тарихында түбегейлі жаңаруға жол ашатын айтулы кезең басталды. Бұл тек заңдық құжаттың өзгеруі емес, бұл әділетті қоғам мен жарқын болашаққа деген барша халықтың сенімі мен серпілісі»,- деді Мұрат Ергешбаев.

Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын, білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу» деген болатын. Еліміздің ертеңі мен тірегі – сіздер секілді жалынды жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.  

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі магистратураны тәмамдаған түлектерге диплом табыстады. Тоқсан жылдық тарихы бар жоғары оқу орнын биыл 2600-ден астам жас бітіріп шықты. Солардың ішінде ғылым жолын таңдаған жастар да бар.

Нұрсұлтан Салықбаев, университет түлегі:

- Жасанды интеллекті дұрыс қолдану бағыты бойынша өзімнің зерттеу жұмысымды жүргізген болатынмын. Нәтижесінде білім алушылардың деңгейінің, сапасының артқаны байқалды. 

Бақыт Қалиев, университеттің құрметті профессоры:

- Еліміз жаңа Конституциямен өмір сүріп жатырмыз. Бұл біздің болашақ жастарымыз үшін, болашақ, болашақ үлкен жолдама деп айтуға болады. Әсіресе білімге қатты көңіл бөлген Конституция.

Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Тәуелсіз рейтинг – 2026» қорытындысы бойынша еліміздегі көп салалы жоғары оқу орындарының арасында 7-орынды иеленді. Оқу орнының 31 білім беру бағдарламасы республикада үздік үштіктің қатарынан көрінді. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев,Нұржан Мұзарапшин