Кітап оқитын ұлт: Ақмолада марафон басталады
Ақмола облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу марафоны басталады.
Игі шараның мақсаты – тұрғындардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру. Эстафетаға оқушылар, ұстаздар, спортшылар мен мемлекеттік қызметкерлер және отбасылар да қатыса алады. Жуырда жобаға дайындық жұмыстары басталады. Осы мақсатта Көкшетауда жобалық кеңсе ашылып, қатысушыларды тіркейтін арнайы цифрлық платформа іске қосылады. Қатысушылардың әр қайсысы алты ай ішінде 15 кітаптан оқып шығуы тиіс.
Аян Сақошев, «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Әрбір кітаптың берер құндылығы жоғары деп ойлаймыз. Оларды біздің ғылыми қызметкерлер арнайы эксперттеріміз саралап тізімдер дайындады. Яғни осы марафонға қатысып арнайы тестілеуден өтіп үздік деп танылған біздің қатысушылар арнайы сыйақылармен марапатталады. Ол біздің қатысушыларға мотивациялық жәрдеміміз деп білеміз.
Ұйымдастырушылар «Креативті индустрияларды дамыту қорымен» меморандумға қол қойды. Екі ұйым кітап оқуды насихаттап, жобаны бірге жүзеге асырмақ. Жалпы марафонға биыл бір миллионнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Қатысушыларға қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам кітаптан тұратын арнайы тізім ұсынылады. Тізімге қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен әлемдік бестселлерлер енгізілген.