Мұғалім мәртебесі мен міндеті
Бірдей білім мен теңдей мүмкіндікке шаһар мен шалғай баласы да хақылы. Өйткені ел ертеңі қалада ғана қалыптаспайды.
Ауыл баласының да армансыз білім алуы үшін құзырлы органдар барлық амалдарды қарастыруы қажет. Соның бір тетігі – жасанды интеллект. Президент заман талабына қарай оқушының талантын ашатын табанды ұстаздар шоғырын қалыптастыру жайын жиі айтады. Бірақ күрделі салада күрмеулі мәселе де аз емес.
Жаңа оқу жылынан бастап жүйедегі ескі олқылықтар жойылып жатыр. Мысалы, БЖБ мен ТЖБ. Себебі ол үйрету орнына күйретті. Бабына келмеген бастауыштағылар бағытынан жаңыла бастады. Бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалауға үш тараптың да көңілі толмады.
Жанбота Есепбайқызы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бөлім басшысы:
- Бір тоқсанда математикадан 2-3 бөлім оқылуы мүмкін. Мысалы, тілде 2 бөлім. Сонда әр бөлім аяқталған сайын оқушы жиынтық бағалау жазады. Сонда бір пәннен бір тоқсанда 2-3 рет БЖБ жазады. Бұл жүктеме оқушыға ауыр. Ата-аналар тарапынан да наразылық болды. Мұғалімдерге де қайта-қайта бөлім бойынша жиынтық бағалауды тексеру, қағазбастылық, қағазға басып шығару да оңай емес.
Сынды қабылдаған құзырлы орган сынақтың басқа түріне көшті. Енді 2-сыныптан 4-сыныпқа дейін формативті, яғни күнделікті және аралық бағалау жүргізіледі. Тоқсанды соған қарай қорытады.
Жанбота Есепбайқызы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бөлім басшысы:
- Критериалды бағалау жүйесі сақталады. Тек қана бағалау жүйесінің тәсілдері жетілдіріліп отыр. Жаңа тәсілдерді әзірлеу барысында ғылыми-педагогикалық қағидаттар ескерілді. Яғни балалардың жас ерекшеліктері, бағалаудың оқу мақсаттарына сәйкестігі. Тек білім емес, функционалдық, яғни өмірде қолдана алу, практикалық, зерттеушілік, шығармашылық дағдыларын бағалауға басымдық беру.
Бірақ жыр болған БЖБ мен ТЖБ жоғары сыныптарда сақталып қалған. Ұпай қоюдың ұтымды жолы табылғанша талап осы болады. Тағы бір түйткіл. Елдегі 5 мыңнан аса мектеп мұғалімге мұқтаж. Педагог тапшылығы – білім таршылығына пара-пар. Сондықтан санды толтырарда сапаны ескеру сала министрлігіне сын. Президенттің тың тәсіл күтеміз деуі де содан. Орталықтарды айтпағанда, шалғай ауылдағы оқушыларға обал. Шағын жинақты мектептерде 1200-ден астам кадрға қажеттілік бар. Әсіресе математика, физика, химия, информатика және ағылшын тілі пәндерінен мамандар жетіспейді. Педагог-психолог, логопед және дефектологтар керек.
Арайлым Өтемісова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бөлім басшысы:
- Магнитті мектептерді тарта отырып, шағын жинақты мектептердегі маман тапшылығын жоюдың бір тәсілі ретінде қарастырылды. Бұл әлі де жалғасын табады. Өйткені тірек мектебіндегі сапаны ауыл мектебіне жеткізу үшін мектептегі мұғалімдер онлайн демонстрация жасап, бұл тапшылықты қашықтықтан аралас форматта жетілдіретін болады.
Яғни аяқ жетпейтін жерге мұғалімдер онлайн қосылып, сабақ өтеді. Жалпы оқушылардың 75 пайызы ауылда тұрады. Шалғай мен шаһардағы білім бірдей әрі тең болу үшін Qazaq Digital Mektebi жобасы іске асты. 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша сынақ басталды. Бұл тәжірибені барлық 2600 шағын жинақты мектепке кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Бірақ ұстаздар технологияның тілін білмесе, түк те өңбейді. «Әуелі цифрлық құзыретті көтеруге көңіл бөлу керек», - дейді Мейрам Жакенов. Сондай-ақ білім сарапшысы біліктілікті арттырудағы былықты атады.
Мейрам Жакенов, білім беру саласының сарапшысы:
- Былтыр орынбасарымен бірге Өрлеудің курсына әдейі қатыстық. Түгел білейік, мұғалімдерімізді қалай дайындап жатыр екен. Сонда барлығы 15-20 адамның ішінен қатысқан шындығын айтатын 2-3 ақ адам. Қалғандарының біреуі қатысқан жоқ. Енді ақырғы қорытынды бағасында барлығы қатысқан болып тұр. Барлығы бірдей жақсы баға алып тұр. Сондықтан менің ойымша, осы жағынан түбегейлі өзгеріс қажет.
Педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі заман талабына қаншалықты жауап береді? Міне, бұл – басы ашық сұрақ. Ал мұғалімдердің кәсіби деңгейі көтерілмей, өрендердің өресі өспейді. Президент те кешегі тамыз конференциясында ұстаздардың ұстанымына қатысты ұтымды ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Демек, министрлік мүлт кеткен жерді ескеріп, мүмкіндіктерді кеңінен ашу керек.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мейрам Жүнісов