Алматы облысында бес «Келешек мектебі» ашылды
Бүгін Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бес жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Білім ошақтары Іле, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Бұл аудандар өңірдегі халық саны ең көп аймақтар саналады. Жаңа мектептердің ашылуы үш білім ордасындағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп, тағы екі мекемедегі орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.
Гүлім Советқан, тілші:
- Нұрғиса Тілендиев ауылының оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастады. Білім ошағы 900 оқушыға арналған. Мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Мұнда инклюзия орталығы, кітапхана және түрлі шеберханалар бар. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Іле ауданы –Алматы қаласына жақын орналасқан әрі облыстағы халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Сондықтан мұнда оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе. Қазір ауданда 17 үш ауысымды мектеп бар. Мамандардың айтуынша, жаңа білім ошағы қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені азайтып, балаларға жайлы ортада білім алуға мүмкіндік береді.
Рахметолла қорғасбеков, Н. Тілендиев ауылының тұрғыны:
- Менің осы жерде 4 немерем оқиды. Төртінші немеремді 1 сыныпқа алып келіп отырмын. Осы 1 сыныпқа қабылданды. Осы мектепте біздің балаларымыз сапалы білім, саналы тәрбие алып, өсіп-өнуіне үлкен үлес қосылады деп ойлаймын.
Қайрат Жұманов, Алматы облысы білім басқармасының басшысы:
- Келешек мектептерінің ең басты ерекшелігі – мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Біріншіден, мектептің материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Робототехника, STEM, химия, физика, биология, информатика сияқты пәндерге арналған заманауи кабинеттер бар. Екіншіден, мектептің өз инфрақұрылымы да талапқа сай. Спорт залдары, сырттағы заманауи спорт алаңдары, арнайы кабинеттер қарастырылған. Мұның бәрі балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру жағдайының айырмашылығын азайтып, барлық балаға бірдей мүмкіндік беруге жол ашады.
Гүлім Советқан, тілші:
- Соңғы төрт жылда Алматы облысында 75 жаңа мектеп пен алты қосымша корпус салынды. Бұл білім алушыларға арналған орын санын арттырып, үш ауысымда оқитын мектептердің санын 52-ден 23-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар шалғай елді мекендерден бес мыңнан астам оқушыны мектепке тасымалдау мәселесі шешілді. Өңірде үш ауысымды оқыту мәселесін алдағы үш жылда толық шешу жоспарланып отыр. Ал «Келешек мектептері» жобасы тек оқушы орындарының санын көбейтуді көздемейді. Жоба мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, білім беру инфрақұрылымына бірыңғай талап қалыптастыруға бағытталған. Бұл қала мен ауыл балаларына білім алуда барынша тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.