Шымкентте 29 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады
Білім күніне орай қала мектептерінде «Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтіп, салтанатты түрде «алғашқы қоңырау» соғылды.
Мерекелік жиынға қатысушылар шәкірттерге ақ жол тілеп, білім мен ғылым жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі. Қаладағы білім беру ұйымдарына 405 мыңнан астам бала барды. Оның 29 мыңға жуығы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков оқушыларға сәттілік тілеп, ата-ана мен ұстаз үмітін ақтауға шақырды.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Мемлекет тарапынан, Президентіміз тарапынан осы оқушыларға қолайлы жағдай жасауға, сапалы білім алуына үлкен мән беріліп отыр. Сіздерге де ашық жол тілеймін. Әке-шешелеріңіздің үмітін ақтап, жақсылап сабақтарыңызды оқып, үлкен азамат бола беріңіздер.
Соңғы екі жылда жаңадан 13 жаңа мектеп салынды. Биыл жеті бірдей білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіліп, тағы 7 қосымша нысан қолданысқа берілді. №46 мектеп-лицейінің ұжымы да жаңа оқу жылын жаңарған ғимаратта бастады.
Гүлжан Ибрагимова, №46 мектеп-лицейінің директоры:
- Мектебіміздің сыртқы келбеті күрделі жөндеу жұмысынан өтіп, әдемі көңіл күймен бастағы отырмыз. Алдымыздағы мақсаттарды сапалы орындау – ең үлкен міндетіміз.
Бұл күні мектеп оқушылары үшін бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Педагогтермен қоса, полиция қызметкерлері мен прокурорлар Конституция құндылықтарын түсіндірді. «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Зерделі ұлт» идеялары мен «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттады.
Көркем Жәнібек, 1 сынып оқушысы:
- Мен бүгін мектепке келдім. Өскенде дәрігер болғым келеді. Ол үшін білімді, ақылды болу керек. Мектеп маған қатты ұнады. Қуаныштымын.
Оқушылардың оқуға деген қызығушылығы мен қуанышы байқалады. Ұстаздар да үлкен жауапкершілікті түсініп, оқу жылын табыспен қорытындылау маңызды екенін атап өтті.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов