Білім саласының үздіктері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Оқу-ағарту министрлігінде білім саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды «24KZ».
Министр Жұлдыз Сүлейменова сала мамандарына мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаздардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, педагог мәртебесін арттыруға ерекше мән береді. Бүгін табысталған мемлекеттік және ведомстволық наградалар – сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңізге берілген жоғары баға», – деді министр.
Марапатталғандардың қатарында мектеп педагогтері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлаған жаттықтырушылар бар.
Мемлекеттік наградалар қатарында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары бар. «Құрмет» орденімен Нұрбақова Гүлия Серікмұхаметқызы марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі 9 маманға, ал «Шапағат» медалі 3 қызметкерге табысталды.
Сонымен қатар сала мамандарына «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдары, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі және «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы берілді.
Министр марапат иелерін құттықтап, өскелең ұрпақтың болашағы жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз