PISA-2025: үш бағыт бойынша үздік нәтиже көрсеткен өңірлер аталды
PISA-2025 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы үш негізгі бағыттың барлығында да үздік үштікке енді. Өңірлердің нәтижелері Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Жаратылыстану пәні бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орынға шықты. Екінші орында – Астана, үшінші орында – Қостанай облысы.
Математикадан Жамбыл облысы үздік нәтиже көрсетті. Астана екінші, Солтүстік Қазақстан облысы үшінші орын алды.
Ал оқу сауаттылығы бойынша көшті Астана бастады. Үздік үштікте Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова PISA нәтижелерін тек өңірлердің жетістігін бағалайтын көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жоғары нәтиже көрсеткен өңірлердің тәжірибесін зерделеп, тиімді әдістерді басқа аймақтарға енгізу қажет.
«PISA нәтижелерін жекелеген өңірлердің жетістігін бағалау ретінде ғана емес, ең алдымен білім сапасын одан әрі арттырудың құралы ретінде қарастыру қажет. Тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп отырған өңірлердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, тиімді практикаларды айқындау және оларды тарату маңызды. Сонымен қатар нәтижелері жұмысты күшейтуді қажет ететін өңірлерге ерекше назар аударылуы тиіс», – деді министр.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру нәтижелеріндегі өңірлік айырмашылықтарды азайтуға бағытталған шараларды әзірлеу тапсырылды. Көрсеткіштері төмен өңірлерге де ерекше назар аударылмақ.
Айта кетейік, PISA – 15 жастағы оқушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын бағалайтын халықаралық зерттеу. Қазақстанда биылғы зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 643 білім беру ұйымының 22 680 оқушысы қатысты. Ал халықаралық деңгейде зерттеуге 91 ел мен аумақтан 760 мыңнан астам оқушы қамтылды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз