Қарағанды облысында «Талдау мектебінің» екінші легі жұмысын бастады
Қарағанды облысында сарапшылардың жаңа буынын даярлауға бағытталған «Талдау мектебі» жобасының екінші легі өз жұмысын бастады.
Бағдарлама аясында 45 жас маман сегіз апта бойы білім алып, өңірдің өзекті мәселелерін талдау және деректерге негізделген шешімдер әзірлеу бағытында тәжірибесін жетілдіреді. Қатысушылар моноқалаларды дамыту, экология, кедергісіз орта және Smart-өңір тұжырымдамасы сынды бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Жобаның биылғы оқу бағдарламасының тақырыбы – «Іс-қимыл стратегиясы: Қарағанды облысын дамытудағы Data-Driven тәсіл және ақылды шешімдер» деп аталады. Қатысушылар деректерді талдау, статистикалық мәліметтермен, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар өңірді жан-жақты дамытуға қатысты мәселелерді талқылайды.
Маулен Әшімбаев, қоғам қайраткері:
- Жалпы «Талдау мектебі» – жас азаматтардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды қоғамдық жоба. Көптеген жас азаматтардың қалыптасуына ықпал еткен алаң. Қарағанды облысы осы істі қолға алған алғашқы облыс екенін ерекше атап өткен жөн.
Талдау мектебі өңірде екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Қатысушылардың зерттеулері Қарағандыны 2028 жылы ТМД-ның Жастар астанасына айналдыру жоспарын жүзеге асыруға да серпін беріп отыр.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Қазір жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Оң нәтижесін де айтуымызға болады. Міне, мысалы, алғашқы өңірлік легі іске қосылғаннан бері 40 жас маман, магистранттар жұмыс жасады. Жеті қолданбалы зерттеуді бізге берді.
Тыңдаушылар талдау мектебінде жүріп өзі таңдаған бағыт бойынша жұмыс істеп, жеке зерттеуін дайындайды.
Бауыржан Әлжанов, «Талдау мектебінің» тыңдаушысы:
- Болат департаментінің еңбек қауіпсіздігі директорымын. Жұмыс барысында аналитикамен және сандармен көп жұмыс істейтіндіктен, қауіпсіздік біздің ең басты құндылығымыз екенін жақсы түсінемін. Өз тәжірибемді бөлісіп, осы бағыттағы білімім мен тәжірибемді таратамын деген ойдамын.
Талдау мектебінде былтыр білім алған 21 түлек қазір Қарағанды облысының консультативтік-кеңесші органдарының мүшесі. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты түйткілді мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит