Елде Малайзияның ЖОО филиалдары ашылады

Малайзияның жетекші жоғары оқу орындары Қазақстанда өз филиалдарын ашуды көздеп отыр.

Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан-Малайзия форумының білім саласына арналған жиынында айтты. Кездесу Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет қабырғасында өтті. Тараптар бірнеше бағытта білім және тәжірибе алмасу туралы келісті. Олардың қатарында энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика, жасанды интеллект, биотехнология, денсаулық сақтау және тау-кен салалары бар. Малайзия үшін Қазақстанда өндірілетін сирек металдар секторы қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау бастамасы да малай елі үшін өзекті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Қазіргі таңда 52 малайзиялық студент Қазақстанда білім алады. 32 жоғарғы оқу орнымыз 42 малайзиялық жоғары оқу орындарымен 80-нен астам екіжақты келісімшартқа қол қойды. Сондықтан негізгі мақсат – малайзиялық бір-екі ұлттық университетті Қазақстанға әкелу, студенттер алмасу. Екінші қол қойылған келісімшарт – университеттер арасында екіжақты ынтымақтастық және «Болашақ» бағдарламасы аясында. Біз қазір малайзиялық ең мықты университеттерге студенттерімізді, оқытушыларымызды, зерттеушілерімізді жіберетін боламыз.

Замбри Абдул Кадир, Малайзияның Жоғары білім министрі:

- Қазақстан мен Малайзия арасындағы дипломатиялық байланыс үлкен маңызға ие. Әсіресе жоғары білім саласында ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Бүгінгі жиында өзара студенттер алмасу туралы бағдарламаны талқыладық. Форумға бірқатар малайзиялық университеттердің ректорлары қатысты. Кездесуіміз алдағы дүйсенбі күні де жалғасын табады. Менің ойымша, Қазақстан бұл салада қойған биік мақсаттарына оңай жете алады.

Сондай-ақ оқыңыз: