Қазақстандық ғалымдар жеміс ағаштарын бактериялық күйіктен қорғайтын препарат әзірледі
Қазақстан ғалымдары жеміс ағаштарын бактериялық күйіктен қорғайтын препарат әзірледі.
Бактериялық күйік - алма мен алмұрттың жауы. Ауруға шалдыққан ағаштар зақымданып, кейде тіпті қурап кетуі мүмкін. Қазір ғалымдар биологиялық дәріні өндіріске енгізу жайын қарастырып жатыр.
Бактериялық күйік десе бағбандардың есі шығады. Бір ағашқа түссе тұтас баққа тарауы мүмкін. Алма, алмұрт өсірушілер үшін зияны шаш етектен. Қазіргі таңда бұл ауруды емдеуге химиялық препараттар қолданылады. Кейде ондай химиялық қоспалар басқа өсімдіктерге зақым келтіреді екен. Сондықтан қазақстандық ғалымдар қоршаған ортаға зияны жоқ биологиялық жолмен әсер ететін өнім әзірлеуге кіріскен.
Бақытжан Дүйсембеков, Ж. Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ басқарма төрағасы:
- Біздің қазіргі айтып жүрген осы алмада кездесетін бактериялық күйік ауруы 2008 жылы осы Қазақстанға енген. Міне содан бері қазіргі таңда бұл аурумен күресу жылда жүріп жатыр. Бұл препарат Лактин АС, Плантарин АС деп аталады. Штамдық деңгейден препаратты алып оны өндірістік жағдайда 500 гектардан аса жерде сынақтан өткізіп, биыл Мемлекеттік инспекция комитетінде мемлекеттік тіркеуден өтіп жатыр.
Жаңа өнім Өсімдіктерді қорғау және карантин институты мен Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтының бірлескен жұмысының нәтижесі. Ғалымдар табиғи ортадан инфекциялық ауруға әсер ететін екі отандық штамды анықтаған. Препарат ағашты аурудан емдеп өнімнің сапасы мен санын арттыруға мүмкіндік береді, дейді ғалымдар.
Аманкелді Саданов, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
- Табиғатта бір штамға микробтың екінші микроб әсер етеді. Ал химиялық препараттар басып тастайды, басу деген сөз арықарай дамытпайды, оны өлтіре алмайды тек ұстап тұрады. Ал біздікі жаңағы ауруды толығымен жойып жібереді. Екі штамм тауып алдық. Ол аборигенный штамм, аборигенный штамм дегеніміз біздің Қазақстанда ғана болады.
Биологиялық дәрі Алматы облысындағы кейбір бақтарда сынақтан өткен. Сондай-ақ препараттың тиімділігін тексеру үшін өзге өңірлердегі бағбандарға да берілген.
Бекзат Үшкемпір, тілші:
- Мына бақ 5 жылдан бері күтіп бапталып өсіріліп келе жатыр. Мұның аумағы шамамен 10 гектар. Мұнда алма ағашының үш түрі өсіріледі. Мамандардың айтуынша, дәрілеу жұмыстары қазіргі таңда өте маңызды. Сондықтан отандық ғалымдар осындай өзіміздің қазақстандық препараттар ойлап тапқан. Бұл ешқандай химиялық қоспасыз. Бұл дәрілердің өсімдіктерге оң әсері бар дейді.
Мамандардың сөзінше, бұл дәріні бір маусымда екі рет қолдану керек. Бірінші бүршік атқанда, екінші рет гүлдегенде себіледі. Отандық өнім қазір мемлекеттік тексеру мен рәсімдеуден өтіп жатыр. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан соң препараттарды өндіріске шығару көзделген.
Бекзат Үшкемпір, Әбен Нарымбаев, Радик Жакупов