Жоғары білім беру саласында 7 жылда қандай өзгеріс болды?
Қазақстанда соңғы жеті жылда жоғары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Мемлекеттік грантпен оқу мүмкіндігі кеңейіп, бакалавриат студенттерінің базалық шәкіртақысы 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Жатақхана тапшылығы қысқарып, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар студенттер саны көбейіп, қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі қатысу ауқымы кеңейді, деп хабарлайды 24KZ.
Грант саны артты
Жоғары білімге мемлекеттік тапсырыс көлемі соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы шолуында 2019 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер саны 45,2%-ға өскені көрсетілген. Ал жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2019–2022 жылдары бакалавриат гранттарының саны 1,7 есеге, магистратура гранттары 1,8 есеге, докторантура гранттары 3,7 есеге артқан.
2026–2027 оқу жылына бакалавриатқа 75 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Грант конкурсына 127 041 өтініш түсті. Министрліктің мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп.
Гранттарды бөлуде еңбек нарығының сұранысы ескерілді. Министрліктің хабарлауынша, биыл гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді. Педагогикалық ғылымдарға 12 228, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 10 387, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға 9 188 грант қарастырылды.
Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға арналған квоталар сақталды. 2026 жылы мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға да 1 816 грант бөлінді.
Шәкіртақы екі есеге көбейді
Студенттерді әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – мемлекеттік шәкіртақы. 2020 жылы бакалавриат студенттерінің базалық шәкіртақысы 26 186 теңге болса, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап оның мөлшері 52 372 теңгеге жетті. Яғни бес жылда екі есеге өсті.
Қолданыстағы мөлшерлерге сәйкес, магистранттардың негізгі шәкіртақысы 117 098 теңге, докторанттардікі 262 500 теңге. Педагогикалық және медициналық бағыттарда білім алатын бакалавриат студенттеріне 84 000 теңге төленеді.
Әлеуметтік санаттағы студенттерге қосымша үстеме де қарастырылған. Мемлекеттік шәкіртақы тағайындау қағидаларына сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттердің шәкіртақысы 30%-ға ұлғайтылады. Көру және есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар білім алушыларға да жоғарылатылған шәкіртақы қарастырылған.
Балалардың болашақта білім алуына қаржы жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» жинақтау жүйесі де іске қосылды. Жүйе бойынша ата-аналар баланың оқуына қаражат жинай алады. Мемлекет ағымдағы күнтізбелік жылы бес жасқа толған балаларға бастапқы білім беру капиталын қарастырады, ал жетім балалар үшін оның мөлшері жоғары.
Жатақхана тапшылығы бірнеше есе қысқарды
Студенттерді жатақханамен қамтуда да айтарлықтай өзгеріс бар. Министрліктің мәліметінше, 2019 жылы орын тапшылығы 82 500 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 873 орынға дейін қысқарған.
Министрліктің кейінгі ақпаратына сәйкес, 2018–2025 жылдары елде 72 мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілген. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін 51 323 орындық 182 жатақхана, колледж студенттері үшін 20 802 орындық 99 жатақхана ашылған.
Осы дерек бойынша жатақхана тапшылығы 5 176 орынға дейін қысқарған. Министрлік тапшылық Алматыда сақталып отырғанын, ал Астана мен басқа өңірлерде жойылғанын хабарлады.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – жатақхана шығынын өтеу. Министрліктің 2025 жылғы шолуында 2023 жылдан бастап жетім студенттер мен I және II топтағы мүгедектігі бар білім алушылардың жатақханада тұру шығыны өтелетіні көрсетілген. Шолуда бұл қолдауды 5 034 адам алатыны айтылған.
Студенттер саны 678 мыңнан асты
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 116 жоғары оқу орны жұмыс істеді. Студенттердің жалпы саны 678,1 мың адамға жетті. Бұл 2021–2022 оқу жылымен салыстырғанда 17,6%-ға көп. Ал оқуға қабылданған студенттер саны алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 13,7%-ға өскен.
2025–2026 оқу жылының басында магистратурада 42 613, докторантурада 9 491 адам білім алған. Сонымен қатар 9 631 резидент жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім алуда болған.
Бюро мәліметінше, студенттердің 99,8%-ы күндізгі оқу нысанында білім алған. Жоғары оқу орындарындағы оқытушылар саны 38 014 адамды құраған.
Шетелдік университеттер мен жаңа бағдарламалар көбейді
Қазақстанның жоғары білім жүйесіндегі халықаралық байланыстар кеңейді. Соңғы жылдары елде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, бірлескен және қос дипломды бағдарламалар көбейді.
Министрліктің 2025 жылғы қорытындысында жетекші шетелдік университеттермен 40 стратегиялық серіктестік орнатылғаны айтылған. Ал 2026 жылғы мәліметте Қазақстанда 12 елдің жетекші жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмысын бастағаны көрсетілген.
Министрлік жариялаған ақпарат бойынша, филиалдардағы білім беру бағдарламаларының 85%-ы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия, жаратылыстану және техникалық ғылымдар сияқты жоғары технологиялық бағыттарға арналған.
Шетелдік университеттердің келуі қазақстандық студенттерге елден шықпай-ақ халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарына түсуге 3 190 мемлекеттік грант қарастырылды.
Шетелдік студенттер саны артты
Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттер саны да өсіп келеді. 2025–2026 оқу жылында елдің жоғары оқу орындарында әлемнің 88 елінен 35 075 шетелдік студент білім алған. Бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 11%-ға жоғары. Ал министрліктің кейінгі мәліметінде елде 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатқаны көрсетілген.
2026–2027 оқу жылына шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарлама бойынша 550 грант бөлінді. Байқауға әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Оның ішінде бакалавриатқа 490, магистратураға 50, докторантураға 10 грант берілді. Бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Қазақстандық ЖОО-лардың халықаралық рейтингтердегі қатысуы кеңейді
Қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі қатысу ауқымы артты. Министрліктің 2025 жылғы шолуында 2019 жылы QS әлемдік рейтингіне еліміздің 10 университеті енсе, 2024 жылы олардың саны 21-ге жеткені көрсетілген.
QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны кірді. Оның ішінде үш университет бұл тізімге алғаш рет енді.
Ал QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде Қазақстанның 44 университеті бар. Бұл тізімге 10 жоғары оқу орны алғаш рет енгізілді. Бұдан бөлек, Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде Қазақстанның бес университеті орын алды.
QS пәндік рейтингтерінде де қазақстандық университеттердің қатысуы кеңейді. 2026 жылы еліміздің 13 ЖОО-сы 70 позицияға ие болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемде 41-орын алып, Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижені көрсетті.
Ғылым мен жоғары білімнің байланысы күшейді
Жоғары білім саласындағы өзгерістер ғылым жүйесіне де әсер етті. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындар 2019 жылғы 82,3 млрд теңгеден 2023 жылы 172,6 млрд теңгеге дейін өскен.
Министрліктің 2025 жылғы шолуында ғылыми ұйымдар саны 2019 жылғы 386-дан 425-ке жеткені, 2019 жылдан бері 70-ке жуық жаңа зертхана ашылып, алты зерттеу орталығы құрылғаны айтылған.
Ғылыми жобаларды қаржыландыру жүйесі де өзгерді. Гранттық қаржыландыру жыл сайын жүргізіле бастады. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар мен университеттер халықаралық ғылыми деректер базаларына тегін қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Есептеу инфрақұрылымы да дамып келеді. Министрліктің 2026 жылғы ақпаратына сәйкес, елдің жетекші университеттерінің қатысуымен құрылған ұлттық академиялық есептеу кластерінің қуаты 40 петафлопстан асады.
Жоғары білім цифрланып, жасанды интеллектке бет бұрды
Жоғары білім жүйесінде цифрландыру да күшейді. 2021 жылдан бастап ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Грант конкурсына өтінішті eGov арқылы беру мүмкіндігі қарастырылған. Министрлік «Цифрлық университет» қағидатын енгізу арқылы білім беру және басқару процестерін автоматтандыруды жалғастырып келеді.
Жасанды интеллект бағыты да жоғары білімнің жаңа басымдығына айналды. Министрліктің кейінгі мәліметіне сәйкес, AI-Sana бағдарламасы аясында 706 023 студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді меңгеруге бағытталған оқытудан өтті.
Университеттерде жасанды интеллект пен деректерді талдауға қатысты білім беру бағдарламалары дамып, ЖИ құралдары оқу, ғылыми және басқару процестеріне енгізіліп жатыр. Министрлік мәліметінше, 442 AI-агент әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Бұл жұмысқа 80 жоғары оқу орны тартылған.
Осылайша соңғы жеті жылда Қазақстанның жоғары білім жүйесіндегі өзгерістер грант пен шәкіртақы көлемінің өсуімен шектелмеді. Жоғары білімге қолжетімділік кеңейіп, әлеуметтік қолдау күшейді, жатақхана тапшылығы қысқарды. Шетелдік университеттермен байланыс артып, қазақстандық ЖОО-лардың халықаралық рейтингтердегі қатысуы кеңейді. Білім мен ғылымда цифрландыру және жасанды интеллект бағыттары жаңа басымдыққа айналды.