Елде тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 3,5 есе өсті

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны соңғы жеті жылда 3,5 есе көбейді. 2019 жылы 495 мың бала тегін тамақтанса, 2026 жылы олардың саны 1 миллион 716 мыңға жетті, деп хабарлайды «24KZ».

Оқушыларды тегін тамақпен қамтуға бөлінетін бюджет қаражаты да едәуір артқан. 2019 жылы бұл мақсатқа 14,9 миллиард теңге бөлінсе, 2021 жылы 31,8 миллиард теңге қарастырылды. Ал 2026 жылы бұл бағытқа 210 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

2023 жылдан бастап еліміздегі барлық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қазір 1–4 сыныптарда оқитын 1 миллион 486 мың бала отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін тамақтанады. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сыныптың 230 мың оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Мектептердегі тамақтану қызметінің ашықтығын арттыру үшін цифрлық бақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік әмиян мен ваучерлік жүйе арқылы тамақтану есебі автоматтандырылған. Ал қажетті асхана инфрақұрылымы жоқ шағын жинақты мектептерде кейтеринг қызметі мен модульдік асханалар қолданылады.

Қазір тамақ жеткізушілермен 45 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Мектеп асханаларындағы тағамның сапасы мен қауіпсіздігін арнайы комиссиялар және ведомствоаралық сарапшылар тобы бақылайды.

Осылайша, тегін ыстық тамақпен қамту аясын кеңейту балалардың денсаулығын қолдауға және отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, оқушыларға мектепте тамақтануға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Баланың дұрыс тамақтануы оның денсаулығы мен ойлау қабілетінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Теңгерімді ас мәзірі зейінді шоғырландыруға, иммунитетті нығайтуға және пайдалы тамақтану әдеттерін қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан мектептегі ас мәзірінің қауіпсіз әрі құнарлы болуына ерекше мән беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз: