СҚО-да колледж студенттеріне еңбекақы төленеді
Солтүстік Қазақстан облысында колледж студенттеріне 250 мың теңгеге дейін еңбекақы төленеді.
Олар колледжде оқып жүріп, еңбекке араласып, тәжірибе жинайды. Кәсіпорында жүрген кездері еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бастысы, диплом алғанан кейін бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Жұмыс берушілер де өз талаптарына сай келетін маман даярлап шығарады.
Бүгінде дуалды оқыту жүйесі аясында 1300-ден астам студент білім алып жүр. Өңірде құрылысшы, электр-газбен дәнекерлеуші және инженер кадрларға сұраныс бар.
Кирилл Свечкарев электр газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүр. Қаладағы ірі кәсіпорындардың бірінде тәжірибеден өтуде. Өзін жақсы қырынан көрсеткен соң басшылық осында қалуды ұсыныпты. Оқи жүріп болашақ жұмыс орнымды да тапқаныма қуаныштымын, дейді студент.
Кирилл Свечкарев, студент:
- Өндірістік тәжірибеміз жақсы өтіп жатыр. Қолымыз үйреніп, осы іске деген машығымыз артып келеді. Ай сайын 200 мың теңгеден көп еңбекақы аламын. Оқу бітірген соң осында жұмысқа тұрамын. Себебі кәсіпорында барлығы көңілімнен шығады.
Еңбекақы көлемі 85 пен 250 мың теңге аралығында. Төлемақы мөлшері студенттің жұмыс сапасы мен жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ кәсіпорындар да өздерінің қаржылық мүмкіндігіне байланысты төлейді.
Сәуле Ерханова, жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:
- Студенттер шәкіртақымен қатар, еңбекқы алады. Олардың өндірісте көп уақыт өткізіп, тәжірибе жинағанын қалаймыз. Түлектеріміздің тоқсан пайыздан астамы серіктес кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Бұл жұмыс берушілердің талабына сай мамандар даярлап жатқанымызды көрсетеді.
Өңірде дуалды оқыту жүйесі бойынша 274 кәсіпорын мен 18 колледж арасында 1300-ден астам келісім-шарт жасалды. Мамандардың айтуынша, жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.
Ирина Торопова, "Атамекен" ҰКП Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы:
- Әрбір кәсіпорын қажетті кадрларды өздері даярлайды. Ал колледждер жұмыс берушілердің сұранысына қарай оқу жоспарлары мен бағдарламаларын өзгертеді. Студенттердің тәжірибеде жүрген уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Жыл сайын дуалды оқыту жүйесіне деген қызығушылық артып жатыр.
Студенттерге арнайы дайындықтан өткен тәлімгерлер жетекшілік етеді. Олар шәкірттерді оқыту, ынталандыру және тиімді қарым-қатынас жасау әдістерін меңгерген. Бүгінде 200-ден астам кәсіпорын қызметкері түрлі курстарды тәмамдап, сертификат алды.
Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков