Ұлттық ғылым академиясы жаңа концепция әзірлеп жатыр

Ұлттық ғылым академиясы саланы жаңғыртуға бағытталған жаңа концепция әзірлеп жатыр.

Құжат ғылыми кадр даярлаудан бастап, зерттеулерді ұйымдастыруға дейінгі жүйені қамтиды. Басты мақсат – ғылыми идеяларды нақты технологияларға айналдырып, олардың нәтижесін халық игілігіне жарату. Бұл мәселе Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына орай өткен жиында кеңінен талқыланды.

1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Академияның 80 жылдық тарихы – отандық ғылымның қалыптасуы мен өркендеуінің шежіресі. Мерейтойлық жиында осы бай ғылыми мұра бүгінгі технологиялық жаңғырумен сабақтасып, академик Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасы ұсынылды. Салтанатты шарада Мемлекет басшысының құттықтау хатын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқыды.

Cаясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Қазақстан ғылым және білім саласын дамытуға әрдайым баса мән береді. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде академияның мемлекеттік мәртебесі қайтарылып, Президент жанындағы мекеме ретінде қайта құрылды. Елімізде ғылым және технологиялық саясат туралы арнайы заң қабылданды. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артты. Бүкіл қоғамымыз, қазақ ғалымдары еліміздің одан әрі дамуына мол үлесін қосатынына үлкен үмітпен қарауда. 

Қазақстан ғылымын дамыту жаңа бағытта жүзеге асады. Ең әуелі ғылымның басымдықтарын анықтау маңызға ие. Енді ғылыми тақырыптар ғалымдардың мүмкіншілігіне қарай емес, экономиканың сұранысына қарай анықталады. Ұлттық Ғылым академиясы басымдықтарды анықтайтын жаңа төрт деңгейлі модельді ұсынған болатын. Үкімет қолдаған модель 2027 жылы енгізіледі.

Ақылбек Күрішбаев, академик, ҚР ҰҒА президенті:

- Үлкен өзгерістің бірі - ғылымға серпіліс беру үшін біз жасанды интеллектке ауысуымыз керек. Жасанды интеллектті кеңінен қолдануымыз керек. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы Qazaqstan AI for Science деген жаңа парадигманы ұсынып отыр. Бұл жаңа жүйені біз Қытайдың академиктерімен бірге Қазақстанның ғылымына енгізетін боламыз.  

Қазір Ғылым академиясы Қазақстан экономикасының түрлі салаларына арналған сегіз ірі жоба әзірледі. Соның бірі жасанды интеллект көмегімен су қорын бағалап, құрғақшылық пен су тасқынын болжауға мүмкіндік береді. Жүйені келесі жылы еліміздің үш су бассейнінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Бағдат Телтаев, ҚР ҰҒА академигі:

- Жастар жағы ғылымға көп келуде. Ресми деректерге қарасақ, 42 пайыз ғалымдардың жартысына жуығы жас ғалымдар болып отыр. Бұл өте тамаша жетістік. Яғни бұл қазақ ғылымының болашағы бар, бүгінгі жастар осы ғылымның басына келіп, әр саланы көтеріп, қазақ ғылымы жақын болашақта дамиды деген сөз. 

Шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын бірқатар жоба медициналық ғылыми орталықтарды дамытуға бағытталған. Академиктердің пікірінше, аурудың алдын алу бағытындағы зерттеулерге де басымдық беру қажет. Бұл жобалар ауруға шалдығу деңгейін анықтап, оның алдын алу шараларын жетілдіруге және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ оқыңыз: