Ерекше балаларға тіл үйреткен ұстаз

Таразда 25 жылға жуық ғұмырын ерекше балаларға білім беруге арнаған ұстаз тұрады.

Ол тілінде мүкістігі бар жеткіншектерге ым-ишара тілін үйретеді. Тіпті ән айтуды да меңгерткен. 

Қызыл кілем, гүл шоқтары мен әріптестерінің ақжарма тілектері. Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын алған Наталья Каранданы әріптестері осылай қарсы алды. Сурдопедагог ширек ғасырдан бері есту қабілеті бұзылған балаларға білім беріп, оларды өмірге бейімдеп келеді.

Наталья Каранда, «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының сурдопедагогы:

- Мен балалармен үнемі сөйлесуге тырысамын. Оларды түсінгім келеді. Не айтып жатқанын білгім келеді. Ең бастысы, өз жұмысымды жақсы көремін. Балаларға бар біліміңді үйретіп, әрқайсысына көңіл бөлу маңызды. Мен жұмысқа әрдайым қуанып келемін. Балалармен бірге жұмыс істеп, олардың жетістігін көргенде ерекше қуанасың.

Наталья Геннадийқызы мамандығын мектеп қабырғасында жүргенде таңдаған. Себебі бала кезде есту қабілеті жоқ достары көп болған. Сурдоаударманы алғаш сол кезде меңгерген. Осылайша ұстаз ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеуді өмірлік мақсатына айналдырған.

Диасхан Мырзабек, оқушы:

- Наталья Геннадьевнаны қатты құрметтеймін әрі жақсы көремін. Ол маған 4 жыл бойы сурдопедагогикадан сабақ берді. Ұстазым әрдайым қолдау көрсетіп, көп нәрсеге үйретті. Оның арқасында өзіме деген сенімім артты. Қазір жүзумен айналысамын, түрлі жарыстарға қатысып жүрмін.

Ләззат Қыпшақбаева, «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының ұстазы:

- Үлкен жүректі, төзімділік, балаларға деген ерекше сүйіспеншілік деген қасиеттер қажет. Ал менің әріптесіп Наталья Геннадийқызында осындай қасиеттер жеткілікті деп санаймын. Әр баланың жүрегіне жолын  тауып жеткілікті жерге жеткізеді. Біздің Наталья Геннадийқызы ұжымның мақтанышы деп ойлаймын.

Бүгінде «Мейірім» мектеп-интернатында 114 бала білім алады. Олар облыстың әр ауданы мен ауылдарынан келген. Балаларға тіл үйретіп, өмірге бейімдеп жүрген мұндағы ұстаздардың еңбегі орасан зор.

Авторлары Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ оқыңыз: