Халықаралық әріптестік өңірлік университеттердің дамуына жол ашады
Қазақстанда жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып, бірлескен кампустар мен ғылыми орталықтар құру жұмыстары жанданып келеді. Ендігі міндет – халықаралық әріптестікті тек білім беру саласымен шектемей, ғылым мен технология бағытында да дамыту. Бұл туралы «Рудный индустриялық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы Талғат Жүнісқалиев «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астанада өтіп жатқан Үшінші стратегиялық әріптестік форумы білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланысты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Бұл форумда білім мен ғылым саласындағы маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Халықаралық сарапшылар мен жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылаумен қатар, алдағы даму бағыттарын талқылауда, – дейді Талғат Жүнісқалиев.
Маманның пікірінше, Қазақстан шетелдік жоғары оқу орындарын елге тарту бағытында алғашқы маңызды кезеңнен өтті. Енді осы әріптестікті жүйелі түрде жалғастырып, ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобаларға басымдық беру қажет.
Біз жоғары білім беру саласына шетелдік университеттерді тартудың алғашқы кезеңінен өттік. Енді осы бағыттағы жұмысты тұрақтандырып, негізгі назарды ғылым мен технологияға аударуымыз керек. Халықаралық әріптестік университеттердің әлеуетін арттырып, жаңа технологиялар мен шетелдік ғалымдарды тартуға жол ашады, – деп атап өтті профессор.
Бұған дейін шетелдік университеттердің филиалдары негізінен Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда шоғырланса, қазір халықаралық білім беру бастамалары өңірлерді де қамти бастады.
Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев университетінде Аризона университетімен әріптестік орнаған. Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарында да халықаралық білім беру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Талғат Жүнісқалиевтің айтуынша, бұл өзгеріс өңірлік университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жастардың сапалы білім алу үшін міндетті түрде ірі қалаларға көшу қажеттілігін азайтады.
Бұрын өңірлердегі студенттер сапалы білім алу үшін Астана мен Алматыға ұмтылатын. Қазір жағдай өзгере бастады. Шетелдік университеттердің өңірлерде ашылған филиалдары мен бірлескен кампустарының арқасында студенттер керісінше, халықаралық білім алу үшін аймақтарға барып жатыр, – дейді ол.
Сонымен қатар халықаралық серіктестерді таңдау кезінде өңірдің экономикалық және өндірістік ерекшеліктері ескерілуі керек. Яғни университеттер сол аймақтағы кәсіпорындардың сұранысына сай мамандар даярлауға басымдық бергені жөн.
Маманның пікірінше, оқу орындары мен өндіріс орындарының байланысы күшейген сайын еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау сапасы да артады. Бұл әсіресе индустриялық әлеуеті жоғары өңірлер үшін маңызды.
Форум аясында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеттері арасында өңірлік зерттеу хабын құру жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл бастама қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық ғылыми кеңістікке шығуына жаңа мүмкіндік береді.
Мұндай ірі ғылыми орталықтар біздің университеттер мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Болашақта олар Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарында және басқа елдердегі миссияларында жұмыс істеуге жол табуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік, экологиялық және медициналық бағыттардағы халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік туады, – дейді профессор.
Халықаралық әріптестікті дамыту бағытында өңірлік жоғары оқу орындары да нақты қадамдар жасап жатыр. Соның бірі – Рудный индустриялық университеті.
Биыл университетімізде алғаш рет Палестина, Иордания, Йемен, Ботсвана және Суданнан келген студенттер білім ала бастады. Бұл – халықаралық бағыттағы жұмысымыздың жаңа кезеңі. Бұған дейін негізінен Ресей мен Өзбекстаннан студенттер қабылдасақ, енді географиямызды кеңейтіп отырмыз», – деді Талғат Жүнісқалиев.
Жалпы, халықаралық академиялық әріптестік Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаңғыртып қана қоймай, өңірлік университеттердің әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді.