Ғылымды коммерцияландыру: 148 жоба 24 млрд теңгенің өнімін сатты

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстанда ғылымды коммерцияландыруға арналған жобалардың сатылым көлемі 24 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 29 жоба шетел нарығына шығып, экспорттан 1,5 млрд теңге табыс түскен. Ал ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыруға жеке сектордан тартылған инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асты. Бұл туралы «24KZ» телеарнасының эфирінде Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Коммерцияландыру және инновация басқармасының басшысы Дос Тұрғанбаев мәлімдеді.

 Спикердің айтуынша, соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемінің бірнеше есе артуы отандық ғылыми әлеуетті нығайтуға мүмкіндік берген. Қазір іргелі зерттеулермен қатар, өндіріске енгізуге және коммерциялық табыс әкелуге бағытталған жобалар да қолдау тауып отыр.

 Министрлік құрылғаннан бері коммерцияландыруға арналған гранттық қаржыландыру бойынша төрт конкурс өткізілді. Оның жалпы сомасы 57 млрд теңгені құрайды. Қолдау алған 148 жоба қазір сатылымға шығып, жалпы көлемі 24 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 29 жоба шетелдік нарыққа шығып, 1,5 млрд теңгенің өнімін экспорттап отыр. Бұдан бөлек, жеке сектордан, яғни бизнестен тартылған қаражат көлемі 20 млрд теңгеден асты, – деді Дос Тұрғанбаев.

 Мәселен, «Балауса» компаниясы аккумулятор өндірісіне қажетті иондық компоненттерді әзірлеп жатыр. Ыстық пен суыққа төзімді жаңа өнімге шетелдік нарықта да сұраныс бар. Қазір ол Австрия мен Ресейге экспортталады. Ал «Экосейф» компаниясы өсімдіктердің өсуіне ықпал етіп, шіруіне жол бермейтін «Биолип» препаратын жасап шығарған. Бұл өнім Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге жеткізіліп жатыр.

 Ғылым саласындағы жобалардың нәтижесі бірден көріне бермейді. Мысалы, біз бес жыл бұрын қолдаған кейбір жобалар енді ғана сатылымға шығып жатыр. Бұл – ғылымның ерекшелігі. «Балауса» компаниясы әзірлеген өнім ыстыққа да, суыққа да төзімді. Сондықтан оған тек ішкі нарықта емес, шетелде де қызығушылық бар. Ал «Экосейф» компаниясы ойлап тапқан «Биолип» препаратының көмегімен өсімдіктердің өсуіне жағдай жасалады. Жобаның экономикалық қайтарымы 7 млрд теңгеге жетті, – деді басқарма басшысы.

 Ғылыми жаңалықтар медицина саласында да қолданысқа енгізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары хирургиялық операцияларға арналған титан бұйымдарын әзірлеген. Олар омыртқа мен сүйекке жасалатын оталарда қолданылады. Қазір отандық өнім сынақтан өтіп, оның көмегімен 100-ге жуық операция жасалған.

 Дос Тұрғанбаевтың сөзінше, ғылымға бөлінген қаржының қайтарымын тек сатылым мен экспорт көлемімен өлшеуге болмайды. Өйткені ғылыми зерттеулердің барлығы бірдей коммерциялық мақсатты көздемейді. Мәселен, ұлттық тарихты зерделеу, архив деректерін жинақтау және қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні дамыту да маңызды бағыттардың қатарында.

 Көпшілік ғылымға бөлінген қаржы халықтың әл-ауқатын қалай жақсартады, қандай нақты өнім береді деген сұрақ қояды. Бірақ кез келген ғылым саласын тек коммерцияландыру тұрғысынан бағалауға болмайды. Мысалы, қазір көптомдық «Қазақстан тарихы» қайта жазылып жатыр. Шетелдік және көршілес мемлекеттердің архивтерінен қазақтың саяси қайраткерлері мен Алаш зиялыларына қатысты тың деректер табылып жатыр. Мұндай зерттеулердің де ел үшін маңызы зор. Ғылым – бүгін қаржы бөліп, ертең нәтиже алатын өндіріс саласы емес. Ол іргелі зерттеуді, тәжірибені және уақытты қажет етеді, – деді ол.

 Сонымен қатар отандық ғалымдар қазақ тіліндегі жасанды интеллект технологияларын дамытуға үлес қосып жатыр. Атап айтқанда, тілдік модельдерді ұлттық ерекшеліктерге бейімдеу, қазақша фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

 Ғылым комитеті өкілінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 28 мыңнан астам ғалым бар. Олардың жартысына жуығы – жастар. Жас зерттеушілерді ғылымда ұстап қалу үшін арнайы гранттар мен әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылған.

 Жастар – инновацияның басты күші. Сондықтан жас ғалымдарды ғылымға тартуға және осы салада ұстап қалуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір жас ғалымдарға арналған жеке гранттық қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Әр жобаға үш жылға дейін 9 млн теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап жас ғалымдарға өтеусіз баспана беріліп келеді. Қазір Астана мен Алматы қалаларында 140-тан астам жас ғалым баспаналы болды. Сонымен қатар «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген мөлшерлемемен тұрғын үй алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бағдарлама аясында 600-ден астам жас ғалым пәтер алып жатыр, – деді Дос Тұрғанбаев.

 Спикердің пікірінше, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, медицина және технология бағыттарындағы ғылыми жобалардың әлеуеті арта түседі. Әсіресе жас зерттеушілер жасанды интеллект, IT және технологиялық стартаптарға басымдық беріп отыр. Бұл отандық ғылымның жаңа әзірлемелерін өндіріске енгізіп, ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: