389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде мұғалімдердің жалақысы көтерілуі мүмкін

  • 3045
  • UPD: 22:11, 20.02.2017

Енді мектеп оқушыларын мезі қылмай, демалыс күндері үй тапсырмасы берілмейді.

Ал, ұстаздарға түсетін оқу жүктемесі азаяды. Еліміздің бас мұғалімі білім жүйесін оңтайландыру мақсатында осындай бірқатар өзгеріс енгізбек. 

Баласын тезірек балабақшаға бергісі келетіндер пара ұсынуға дейін барады. Осының алдын алу мақсатында балабақша кезегі республика бойынша ортақ бір жүйеге біріктіріледі. Баяндамасын осылай бастаған Ерлан Сағадиев сәбиге жолдама беру енді электронды үкімет негізінде автоматтандырылатынын айтты. Бұған қоса, соңғы кезде пікірталасқа арқау болған электронды күнделік жайы да сөз болды. Министр «интернет болса болды, ешқандай қаржыны қажет етпейтін теңдессіз жоба» деп мақтады. Бірақ, депутаттар бұл пікірмен толық келіспеді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Интернет арқылы бір толтырамыз, қағаз бен күнделікті екі толтырамыз. Осының қажеті қаншалықты? Және неге ата-аналарды осыған мәжбүрлейміз. Осыған жауап берсеңіз.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Күнделік өзі мұғалімдерге арналған. Енді мұғалімдер интернет болмаса, оны күнделікті толтыру жұмыстары керек болмаса, оларға ешкім мәжбүр деп айтқан жоқ. Ол міндетті емес.

Бұған қоса, бүгінде ата-аналар мен педагогтардың қарауына тасталған бір жауапты мәселе бар. Ол үй тапсырмасын азайтуға байланысты. Әрі демалыс күндеріне мүлде тапсырма бермеу жайы. Оған қатысты нақты шешім алдағы уақытта айтылады. Ал, талай ұрпаққа әріп үйретіп, талай ғалымға тәлім берген Әліппені қайтару керек. Депутаттар осылай деп, 1 сыныптағы Сауат ашу пәніне қарсылық білдірді.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Әліппе» деген сөз – символдық, бейнелі атау, ол ментальді атау. Ол сенің қаныңа сіңісті болған атау. Ол – Ахмет Байтұрсыновтардан келе жатқан атау. Бүгін интеллигенцияның талабы, зиялы қауымның талабы Сауат ашу аты мен атауын құртыңыз да, Әліппені бізге қайтарып беріңіз.

Қысқасы, Әліппе қайтып келетін болды. Үкімет сағаты аяқталысымен, асыққан министрден біз осындай жауап алып үлгердік. Тағы бір қуанышты жаңалық, елімізде мұғалімдердің жалақысы көтерілуі мүмкін. Ерлан Сағадиев «ол үшін жылына 88 млрд теңге қажет», - дейді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы