Назарбаев Университетінің студенттері EXPO көрмесіне дайын

Қоғамдық сананы жаңғырту үшін қазақстандық жастар бір емес, бірнеше тілді жетік меңгеруі керек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселе айрықша айтылды. Назарбаев Университетінің түлектері де жеті жұрттың тілін білуге құштар. Олар «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне өздерінің бірқатар жоба мен идеяларын ұсынғалы отыр.

Ақтөбе тумасы Радхан Сармұханов Назарбаев Университеті жанындағы Инженерия мектебінің түлегі. 22 жастағы студент электронды және электротехникалық инженерия мамандығы бойынша білім алды. Бірқатар студенттік клубқа мүше болып, халықаралық деңгейдегі пікірталастарға қатысты. Университет қабырғасындағы студент үкіметінде де белсенділігімен көзге түскен. Қазақ-түрік лицейінде оқыған болашақ инженер ағылшын, неміс, түрік тілдерін жетік меңгерген. 4 жыл бойы алған білімін Германияда жетілдіріп, отандық технология саласына үлесін қосқысы келеді. Таяуда шымылдығы түрілгелі тұрған «ЭКСПО» көрмесі өзі секілді жастарға берілген керемет мүмкіндік дейді студент.

Радхан Сармұханов, Назарбаев Университетінің түлегі:

Менің ойымша, «ЭКСПО» деген керемет жоба. Шетелдерге көз жүгіртсек, көбі «жасыл» энергетикаға көшіп жатыр. Бұл экологиялық жағынан таза болса, экономикалық жағынан үнемді. Елімізге «ЭКСПО» көрмесін қабылдау бақыты бұйырып отыр. Бұл біз үшін үлкен абырой. Біздей жас әрі дамушы елдерге әр идеяны назардан тыс қалдырмау керек.

Әрқашан көмекке келуге дайын тұрар жақсы дос. «Мінезі ашық, айналасындағылармен тез тіл табысады», дейді оның курстастары. Радханның айтуынша, энергетика саласын таңдауына ағасы кеңес берген. Елінің ғылым саласына елеулі үлес қосқысы келетінін ұстаздары да айтып қалды.

Мехди Багери, Назарбаев Университетінің профессоры:

– Радхан – университетіміздің қоғамдық жұмыстарына етене араласатын белсенді студенті. Менің оған көзім жеткен. Өйткені өзінің дипломдық жұмысын менімен бірге әзірледі. Топта өзін тек жақсы қырынан көрсетіп келді. Оның супервайзер ретінде болашағынан көп үміт күтемін. Жобасы электр трансформаторларын тиімді қолдануға арналған. Көліктерді жылдам әрі сымсыз қуаттандыруға арналған өзге де жобалары бар. Әлде де жетілдіріп жатқан жүйе арқылы көлік автотұрақтан электр қуатын ала алады. Ұялы телефонмен басқарылатын жүйені ойластыруға бір жыл уақыт кетсе, оны нарыққа енгізу үшін тағы сонша уақытымыз жұмсалады.

Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінде 3 мың 500-ден астам студент білім алады. Олардың 90 пайызы қарапайым отбасыдан шыққан жастар. Жатақханада барлығы 3076 орын бар.

Мэлс Күмісбеков, Назарбаев Университетінің студенттік істер жөніндегі департамент менеджері:

– Бізде негізі қазір студенттер саны 3700-3500 арасында ойнап тұрады. Жылдан жылға студенттер саны көбейіп жатыр. Студенттер үшін жасалып жатқан жағдайлар өте жақсы деп ойлаймын. Студенттерге артық еш жерге шығудың қажеті жоқ. Жатақхананың астында барлық жағдай жасалған. Асханадан бастап кір жуатын орынға дейін бәрі бар. Шаштараз бәрі есептелген, бәрі ойдағыдай.

Айта кетейік, 27 мамырда 737 түлекке дипломдары табысталмақ. Оның 499-ы бакалавр, 229-ы магистр, 9-ы – доктор. Ал маусымда басталатын «ЭКСПО» көрмесіне жоғарғы оқу орнынан 400 ерікті студент жұмылдырылып отыр.

Авторы: Ерзат Заитхан