Елбасы кітапханасының музейіне келушілердің қарасы артқан

ЕХРО 2017 көрмесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының Музейі биыл жазда 52 мыңнан астам қонақты қабылдап, мың жарым экскурсия жүргізген.

Бүгін аталған нысанға 13 жыл толып отыр.

Айнұр Қуатқызы:

– Мен тұрған жер Алтын зал деп аталады. Алтын аталуы да бекер емес. Себебі дәл осы залда, осы үстел басында кезінде Елбасы талай маңызды кездесулер өткізіп, халықаралық деңгейдегі келіссөздер жүргізген. Мұнда әлем елдерімен орнатқан дипломатиялық қарым қатынастың қалыптасу тарихын көруге болады.

Бұл ғимарат 1997 жылдан бастап 2004 жылға дейін Елбасымыздың алғашқы резиденциясы болған. Тәуелсіз еліміздің Астанасы жаңа тәй-тәй басқан уақытта бұл жерде талай тарихи сәттер шешімін тапты.

Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

– Тарихи жағынан қарасақ, Тұңғыш Президент музейі бұл ерекше тарихи орын. Арнайы резиденция болып, салынған ғимарат. 4 қабаттың ішінде 7 жыл бойы Н.Назарбаев елеулі оқиғаларға қатыса отырып, тарихи шешімдерді қабылдаған. Астананың қалыптасу тарихи да осы ғимаратпен байланысты. Елбасының жеке мұрағаты, жеке кітапханасы және музейі жинақталып мақсатты жүзеге асыруда.

Ал бұл келушілердің ең көп қызығушылық танытатын залы. Елбасының шағын жұмыс кабинеті. Мұнда бәрі қаз қалпында. Мемлекет басшысының маңызды құжаттарға қол қойған қаламы, қойын дәптері музей тарихының бір бөлшегіне айналған. Бұдан бөлек мұнда жалпы 26 көрме залы бар.

Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

Жалпы Елбасы кітапханасының негізін құрайтын 3 негізгі компонент деп атауға болаты. Бұл Елбасының жеке мұрағаты 140 мыңға жуық сақтам бірлік бар. Елбасының жеке кітапханасы 30 мыңнан қоры бар. Үшінші негізгі компонент Елбасының музейі. Қазір музейде Елбасына сыйға тартылған жеке жәдігерлерді жинақтап отырмыз.

Музей қонақтарына 3 тілде экскурсия жүргізеді. Себебі мұнда шетелден арнайы келетін меймандар да бар.

Катсумата Мидио, Жапониядан келген турист:

Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бұдан бұрын Қазақ елі жайлы көп оқып, көп естігенмін. Қазақстан мен ойлағаннан да дамыған ел екен. Астананың көркіне, әсем ғимараттарына тәнті болдым. Ал осы елдің тарихымен танысу үшін музейге арнайы келдім. Бәрі керемет.

Сондай-ақ мұнда танымал қылқалам шеберлері мен ұсталардың көрмесі өтіп тұрады. Ал бүгінде Елбасы кітапханасының музейі, беделді ғылыми-зерттеу, оқу-ағарту және мәдени орталық ретінде көрікті орындардың біріне айналды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Бахтияр Ырзаев, Жандос Битабаров