386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚММУ Вьетнамның Ханой университетімен әріптестік келісімге қол жеткізді

  • 629
  • UPD: 22:26, 02.10.2017

Әлемнің 40-қа жуық университетінің өкілдері медициналық білім беру бойынша ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

Халықаралық шараның төртінші кездесуі Қарағанды медициналық университетінің қабырғасында өтті. Жиында талқыға салынған басты тақырыптың бірі жоғары оқу орындарындағы академиялық еркіндік пен білімді интернационалдандыру болды.

Конференцияға қатысушылар мол тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, медицинадағы соңғы жаңалықтардан да құлағдар етті. Жапония, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Ресейден келген дәрігерлер отандық медицина саласының мамандарына арнайы шеберлік сыныптарын өткізді. Ал Қарағанды медициналық универсиететінің оқытушылары өздерінің тың жобаларын таныстырды. Жақында оқу ордасының тәжірибелік машықтандыру орталығы Кәрі құрлықта симуляциялық технологиялар алаңында үздік деп танылған болатын.

Виктор Риклефс, ҚММУ проректоры:

– Бізде оқыту жүйесіне әрқашан заманауи әдістер енгізіліп отырады. Ол үшін арнайы медициналық білім бойынша зерттеулер жасалады. Сонымен қоса стратегиялық әріптестік алаңында мол тәжірибеміз бар.

Басқарудағы еркіндік – тек қаржылық тәуелсіздік емес, сонымен қоса әлемдік инновацияларға сай оқу бағдарламасын өзгертуге мүмкіндік алу деген сөз.

Массимо Пинателли, «Назарбаев Университеті» Медицина мектебінің деканы:

– Біз «Назарбаев Университеті» базасында үш бөлімнен тұратын академиялық орталық құрдық. Олар медицина мектебі, университет емханасы және ғылыми-зерттеу лабораториялары. Бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қоса орталық Астана қаласындағы үздік 4 емханамен де әріптестік орнатқан. Ол жерлерде біздің студенттеріміз тәжірибелерін шыңдайды.

Жиын барысында Қарағанды медициналық университетінің ұжымы тағы бір стратегиялық серіктеспен келісімге қол жеткізді. Ол Вьетнамның үздік оқу ордаларының бірі Ханой университеті. Енді жоғарғы оқу орындары арасында медицина саласы бойынша академиялық, ғылыми және мәдени-әріптестік байланыс орнайтын болады.

Авторлары: Мейрамгүл Құспан, Марина Золотарева, Сайлау Игіліков 

Хабар 24 телеарнасы