384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Басқару дербестігін кеңейтудің заң жобасына енгізілген өзгерістер жауапкершілікті арттырады

  • 519
  • UPD: 15:35, 25.04.2018

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер жауапкершілікті арттырып, сапалы мамандар даярлауға септігін тигізбек.

Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаттары жалпы отырыста Елбасының білім беруді жаңғырту бойынша тапсырмаларын орындауға бағытталған бірқатар заң жобаларын мақұлдады. Ал бұл құжат үш бағытты қамтиды. Академиялық, басқару және қаржы. Академиялық басқару еркіндігі ең әуелі оқу бағдарламасының сапасын арттыруға бағытталады. Университеттерге студенттерді қабылдау, білім беру оқу бағдарламаларының мазмұнын айқындау мәселелерін айқындау құзіреті жоғарғы оқу орындарына беру көзделіп отыр. Бұл мамандықтарды іріктеу мен студенттік контингентті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мамандықты қаржыландырудан бас тартып,  кредиттік технологияға көшу жағы да қарастырылады. Заңнаманы дайындау барысында  депутаттар Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға басымдық берді.

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы заң жобасымен жұмыс барысында біздің депутаттар бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізді. Оның барлығы халқымыздың әл-ауқатын көтеру мақсатында Елбасымыз ұсынған бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Нақты айтатын болсақ, ол  үшінші бастамада көрсетілген  студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді көздейді. Мәселен, 75 мың орынды жаңа жатақханалармен қамтамасыз ету үшін депутаттар осы мақсаттағы мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және оның құрылысын инвестициялық басымды жоба ретінде анықтауды ұсынды. Олардың барлығының нақты есебі жасалып, тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталды.

Хабар 24 телеарнасы