АЭФ қонақтары елордалық студенттерге сабақ өткізеді

XI Астана экономикалық форумына қатысатын әлемнің азулы сарапшылары қазақстандық студенттерге сабақ береді.

Жер-жаһанның белгілі экономистері, саясаткерлері, жазушылары мен ғалымдары Еуразия Ұлттық Университеті мен Назарбаев университетінің тәлімгерлеріне дәріс оқиды. Олардың ішінде Дүниежүзілік банк директоры, «Шазам» мобильдік қосымшасының негізін салушы, халықаралық қорлардың басшылары бар.

Астана. Бейресми формат. Қонақтар қазақстандық студенттермен емен-жарқын жүздесіп, геосаяси қауіп-қатер, сандық технологиялар, бизнес секілді мәні зор тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітпек. 

Баубек Сомжүрек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:

- Белгілі сарапшылар біздің университетке келіп, геосаяси мәселелер, цифрлық технология бойынша өзінің лекциясын оқиды немесе сұхбат береді студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және қызығушылық тудырып жүрген тұлғаларға. Осындай шаралар бізде жыл сайын өтіп тұрады. Бұл шаралардың мәні өте зор. Өйткені, осындай кездесулер арқылы студенттер өз білімін кеңейтеді деген үміттеміз.               

Елорда төрінде өтетін 11-экономикалық форумға қатысатын сарабдал сарапшылардың студенттермен кездесуі бекер емес. Сан саланың мықтылары атанған мамандар бүгінде жастардың біліміне инвестиция салуды көздейді.

Шетелден ат терлетіп келетін қайраткерлердің қазақстандық тәлімгерлерге зер салуы сондықтан. Біздікілердің де бұлардың әңгімесін масайрап тыңдайтыны анық.

Эльвира Еникеева, АЭФ фестивальдік бағдарламасының менеджері:

- Еуразия ұлттық университетінде өтетін сабаққа экономика факультетінің студенттері қатысатындықтан, мұнда осы саланың мамандары дәріс оқиды. Мысалы, Еуропалық банк төрағасы, Дүниежүзілік банк директоры. Ал, Назарбаев Университетінде «Шазам» мобильдік қосымшасының негізін салушы Крис Бартон секілді стартаперлер өз тәжірибелерімен бөліседі. 

Мейірбек Айдос, студент:

- Өзіме қызығушылық танытып отырған ол Бруно Макаес. Ол кісі бизнес стратег, Вашингтондағы Хадсон институтының ағартушысы. Менің қызығушылық танытып отырған себебім, оның менің мамандығыма үлкен әсері бар. Одан өзіме үлкен серпіліс, мотивация аламын деген сенімдемін.

Астана экономикалық форумы мамырдың 17-19 күндері өтеді. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Қанапияұлы