384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды техникалық университеті 40 мамандық бойынша 4 мыңнан астам талапкерді қабылдауға дайын

  • 2215
  • UPD: 07:57, 21.05.2018

Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – білім гранттарын көбейту.

Әсіресе ол техникалық мамандықты таңдаған жастарға мол мүмкіндік беріп отыр. Талапкерлерге енді тек жоғары балл жинау міндет. Биыл Қарағанды техникалық университеті 40 мамандық бойынша 4 мыңнан астам студентті қабылдауға дайын.

Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Әсел Әубәкірова ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 121 балл жинағанмен, мемлекеттік грантқа ие бола алмаған. Осылайша ақылы оқуға түседі. Алайда ректор оның алғырлығын байқап, кейін тегін оқуға ауыстырады. Сондықтан бес әлеуметтік бастамадағы ақжолтай хабарды зор қуанышпен қабылдағандардың бірі – осы Әсел. Енді биылдан бастап гранттың көп бөлінуі өзі секілді үздік талапкерлердің студент атануына үлкен жол ашады дейді ол.

Әсел Әубәкірова, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті :

– Назарбаев зияткерлік мектебін бітірдім. Сол кезде менде ҰБТ-дан өте жоғары балл болды. Дегенмен мен сол кезде заңгер мамандығына, өзім қалаған, өзім сүйген мамандыққа грант бойынша оқуға түсе алған жоқпын. Содан соң ақылы бөлімге Қарағанды мемлекеттік университетіне түстім. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін университеттің өз ішіндегі грантқа ие болдым.

Ал Қарағандыдағы №41 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ертуған Өтегенов болашақ мамандығын әлдеқашан анықтап қойған. Техникалық университеттің «тау-кен ісі» факультетінде білім алғысы келеді. Оның ендігі арманы – емтиханды үздік тапсырып, білім грантын жеңіп алу.

Ертуған Өтегенов, №41 орта мектеп оқушысы:

– 20 мың грант, оның ішінде 11 мыңы техникалық жағынан бөлініп отыр. Бұл бізге өте жақсы бір ынталандыру ретінде беріліп тұрған гранттар болып саналады. Алла қаласа, грантқа түсемін деген ойым бар. Сол 11 мың гранттың ішіне ілініп кетемін деп ойлаймын. Дайындығым жақсы, күшті.

Білім гранттарының көптеп бөлінуі – қаржысы жоқ, талабы көп талантты жастар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Бірақ бұдан емтихан шарттары жеңілдемейді. «Бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары ұпай жинап, білім деңгейін дәлелдеген талапкерлер ғана тегін оқуға қол жеткізетін болады», – дейді Қарағанды техникалық университетінің бірінші проректоры.

Аристотель Исағұлов, ҚарМТУ проректоры:

– Білім гранттарының көбеюі, біріншіден, балалардың арасындағы бәсекелестікті арттырады. Оқушылар оған ие болу үшін барынша жақсы оқуға тырысады. Екіншіден, сұранысқа ие жақсы мамандықтарды тегін алудың мүмкіндігі ұлғаяды, қолжетімді болады. Кейін бұл түлектердің барлығы отандық өнеркәсіпті өрге сүйрейтін кәсіби мамандар болатынына күмәнім жоқ.

Қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті өткен жылы 3500 студент қабылдаса, биыл талапкерлер санын 4 мыңға ұлғайтқалы отыр. Демек қаншама жастың жоғарғы білім алуына жол ашылaды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы