367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Astana Hub өнертапқыштары баламасы жоқ құрылғыларды ойлап тапты

  • 484
  • UPD: 22:52, 03.07.2018

Қазақстанда жас өнертапқыштарға қолдау көп. Өйткені Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі тың идеясы бар жастарға арналған жаңа екі бағдарламаны іске қосты.

Олар «100 стартап» жобасы мен акселерация бағдарламасы. Енді Ай-Ти саласындағы мүмкіндігін жетілдіргісі келетін кез келген азамат осы технопаркке келіп, кеңес ала алады. Astana Hub-тың берері не? Стартапшыларға қандай жағдай жасалған? 

Интерактивті шыны, мүгедектерге арналған робот арба және құбыр тазалайтын таптырмас құрылғы. Бұларды қазақстандық жастар ойлап тапқан. Қарап тұрсақ жоғары технологияны меңгергендер жоқ емес бар. Бірақ бұған дейін дарындылардың басын қосып, бағыт-бағдар беретін, жол көрсетіп, қолдау жасайтын арнайы орын болмаған еді. Жаңа орталық осы олқылықтың орнын толтырды. Мұнда жергілікті  стартапшылармен қатар шетелдіктер де келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 

- Жаңа ғана балалар өздері құрастырған роботтарды көрсетті. Оларға қарап президенттің инновациялық экожүйе құру туралы идеясының жүзеге асып жатқанын сезіндім. Әрине бізге әлі де бірқатар мәселелерді шешіп, ІТ-мамандар тобын қалыптастыру керек. Үкімет осы саладағы заңнаманың әзірленуі және қабылдануы үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Astana Hub әлемдегі тың технологиялар мен дарынды мамандар жиналатын үлкен  орталыққа айналады деген сенімдемін. Жобаны іске қосу арқылы біз Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық-инновациялық шешімдер орталығына айналдыру туралы идеясын жүзеге асырамыз. Бұл адамзат капиталына тұрақты инвестиция салу арқылы ғана орындалатыны белгілі. Хабтың жұмысын жандандыруды одан әрі де жалғастыра береміз. 

Ал іске қосылған бағдарламаларға тоқталсақ. 100 стартап – ойда туындаған тың жобаларды жүзеге асыруға, дамытып жетілдіруге көмектесетін кешенді бағдарлама. Яғни оған қатысушыларға жұмыс істейтін орын, сарапшылардың кеңесі, білім беру курстары тіпті инвестициялар тартуға тегін жағдай жасалады. Одан үздік шыққандар Акселерация бағдарламасына қатыса алады. Мұнда тың жобаның нобайы болуы шарт. Технопарк жобаларды инвесторлар, корпорациялар, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Бүгіннің өзінде 100 стартап бағдарламасына 360 өтініш түсіп, 40-тан астам жоба іріктелді. Олар технопаркте өз жұмыстарын бастап кеткен.

Бауыржан Болатұлы, жоба авторы: 

- Қарапайым әйнектің бетіне информация шығаруға болады. Мысалы, музейлерде экспонаттарды, құнды жәдігерлерді адам қолын сұғып, ұстауға болмайды. Сол себепті оның бетіне әйнек қойылған. Бұл әйнекті біө одан сайын жаңалап, сол жердегі экспонат жайлы информация беруге болады. Мысалы, біреудің қылышын салып қойсақ. Бұл қылышты адам өзі көріп тұрады да және оның бетіне бұл қылыштың кімдікі екені қай жылы шыққан екені сондай қолдануға болады. 

Айта кетейік, шара барысында пленарлық сессия өтіп, стартап жоба  иелері мен халықаралық сарапшылар экожүйенің қалыптасуы мен дамуына қатысты пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Сондай-ақ отандық Ай-Ти компаниялар жасаған ақылды шешімдер көрмесі ашылды. Ол ертең де жалғасады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Жандос Битабаров

Осы категория бойынша: « Павлодарлық оқушылар құймақ пісіргіш робот құрастырды Назарбаев Университеті Лондонда «Бір белдеу, бір жол» тақырыбында нетворкинг сессия өткізді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы