369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Арқалықта екі балабақша ашылды

  • 173
  • UPD: 08:54, 03.08.2018

Қостанай облысының Арқалық қаласында биыл екі балабақша ашылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тапсырылған мектепке дейінгі мекемелерде қазіргі кезде 200 бала тәрбиеленіп жатыр. Осындай  серіктестік негізінде  әлеуметтік нысандар салуға тағы да ұсыныс білдіріп отырғандар бар.

Талай жылдардан бері қаңырап бос тұрған мынау ғимарат бүгінде танымастай өзгерген. Оны қалпына келтіруге жергілікті кәсіпкер Абай Мұқанов 328 миллион тенге жұмсаған. Қазір мұнда 150 балаға арналған балабақша орналасқан. Іші кең, жарық, заманауи талапқа сай толық жабдықталған.

Эльмира Ғабдулалиева, әдіскер:

- Роботтехника және үш тілдік білім береміз. Біздің бүлдіршіндеріміз қазіргі уақытта роботты қалай құрастырып, және оны игеру жөнінде білім алып, тәрбие алып жатыр.

Мынау мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  негізінде Арқалықта ашылған тағы бір балабақша. Алдыңғысынан шағындау демесең, білім-тәрбие беру ісінде айтарлықтай айымашылық жоқ. Бұл балабақшада ата-аналарға, балаларға ыңғайлы болу үшін жаңа қызмет түрі енгізілген.  

Бақыткүл Смағұлова, әдіскер:

- Біздің балабақшаның ерекшелігі бізде өзіміздің жекеменшік көлігіміз бар.Сол көлікпен таңертең ұйлерінен алып келеміз, кешкілік  үйлеріне ата-аналарына табыстаймыз.

Арқалықта балабақша кезегінде тұрғандардың саны  әлі мыңнан астам. Алғашқылардың игі ісі түрткі болды ма, қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша мектепке дейінгі мекемелерді салуға ниетті кәсіпкерлер пайда бола бастаған.

Мейрамкүл Әбу, Арқалық қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бізге қазір үш кісі келіп, ұсыныс айтып отыр. Осы серіктестік арқылы балабақша салуға. Бұрынғы бізде бірінші орта мектебінің маңайында балалардың жатақханасы болған, соны балабақша ретінде салғылары келеді. Оның барлық жобалары 94 балаға арналып жасалынған. 

Ресми мәліметке сүйенсек, қазір Арқалықта бүлдіршіндердің 90  пайызға жуығы  балабақшамен  және шағын орталықтармен қамтылған. Алдағы үш-төрт жылда оны 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Осы категория бойынша: « Елімізде «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы басталды ШҚО тұрғындары латын әліпбиін үйренудің пилоттық жобасына қатыса алады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы