374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы мектептер үнемділігі жоғары жылу қазандығын орнатып жатыр

  • 166
  • UPD: 21:48, 13.08.2018

Павлодар облысының Железинка ауданындағы білім беру мекемелері ұзақ жанатын энерготиімділігі жоғары жаңа бу қазандықтарына көшіп жатыр.

Технология бюджет шығынын азайтып,  мектеп басшылығын шаруашылық жұмыстардан  толық босатады. Ең бастысы ғимаратқа жапсарлас салынған өрт қаупі жоғары  қазандықтардың орнын заманауи блок-модульдермен  алмастырды. Тың жобаны жеке инвесторлар жүзеге асырып отыр.  Олар өткен жылы  «ЭКСПО-2017» көрмесінде тұсауы кесілген  ұзақ жанатын инновациялық қазандықтарды негізге алған.

Қазандығы жапсарласа салынған Береговое ауылындағы мектеп өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін. Жеке қазандық тұрғызу мәселесі өткір тұрған еді. Тығырықтан шығатын жолды энергоөндіру компаниясы ұсынды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жобаны табысты жүзеге асырған жекеменшік кәсіпорын әлеуметтік нысандарға инновациялық қазандықтар орнатумен айналысады. Олар Железинка ауданының мектептеріне ұзақ жанатын екі қазандықты  блок-модульдерді орнатты. Бүгінде 23 мектепті қамтамасыз еткен. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Баулыбай Аужанов, Железинка ауданы әкімінің орынбасары:

- Егер  12 қазандықты біз өзіміз орнатқан болсақ, жобаны әзірлеу үшін 12 қазандық, 25 миллионнан бұл 300 миллион теңгені құрайды. Өте қымбатқа түсетін еді.

Жаңа технологияны солтүстік Қазақстандық өнертапқыш Александр Топченко ойлап тапқан. Ол, германияда жасалған үлгіні жетілдіріп, қолданысқа енгізіпті. Нәтижесінде энерготиімділік артып, қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтар азайған. Жаңа жоба мектеп директорларын басы артық  шаруашылық жұмыстарынан толық босатады.

Гүлнәр Сағындықова, мектеп директоры:

- Бұрын қиындық болған. Уақытымен, мерзімімен әкелмеген. Оның сапасы да кем болған. Енді жақсы, жеңіл болды. Директорлың мойнынан осындай жүктер түсірілді деп айтуға болады.

Бұл жоба өткен жылы  «ЭКСПО» көрмесіне орай ұйымдастырылған онлайн байқауда жеңімпаз атанды. Көп ұзамай тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инновациялық қазандықтарды қолданысқа енгізді. Олардың қатарында Железинка ауданының мектептері де бар. Биыл аудан басшылығы мемлекеттік –жекеменшік әріптестік аясында барлық әлеуметтік мекемелерді энергоөндіруші компанияның құзырына өткізбек.

Альтаир Сыздықов, компанияның бас директоры:

- Бұл бір жағынан мемлекеттік мекемелердің жұмысын жеңілдетеді. Сыбайлас жемқорлықтың да алдын алады. Өйткені жыл сайын көмірмен қамтамасыз ету үшін тендер жарияланады. Бұл іспен келешекте бюджеттік ұйымдар емес мамандандырылған, жылумен қамтамасыз ететін арнайы кәсіпорын айналысады.

Жаңа технологияны жетілдірген ұйым енді жобаның басқа да тиімді тұстарын қарастырып жатыр. Жылыту қазандықтарына жақын жылыжай кешенін салып, мектеп оқушыларын экологиялық таза көкөніспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Түркістан облысындағы барлық мектепке оқулық уақытылы жеткізіледі Оқуға түсерде спорттағы жетістігі ескерілмеген түлектердің ата-аналары наразылық танытты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы