374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында мұғалім жетіспеушілігі өткір сезіліп отыр

  • 188
  • UPD: 20:30, 31.08.2018

Маңғыстау облысында мұғалімдер жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе облыс орталығы Ақтауда өткір тұр.

Қалада орыс тілі, математика, информатика мен инженер педагогтар жоғары сұранысқа ие. Ұстаздардың санын қалайда арттыру үшін аймақ басшылары биыл арнайы жоспар әзірледі. Соған сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап 157 жас маман жұмысқа қабылданып, әлеуметтік көмек көрсетілуде. 

Технология пәнінің мұғалімі Марат Атаназаров 1 қыркүйектен бастап 29-мектептің 5 және 9-сынып оқушыларына инженерия саласын меңгеруді, бағдарлама құрып, бөлшектер құрастыруды үйретпек. 3 жыл Жаңаөзен қаласында еңбек еткен жас маман арнайы шақыртумен Ақтауға келді. Мараттың жолдасы Әйгерім де мұғалім. Ағылшын тілінен сабақ береді. Ерлі-зайыпты ұстаздардың алаңсыз еңбек етуі үшін жергілікті әкімдік оларға баспана берді.

Марат Атаназаров, технология пәнінің мұғалімі:

- Ақтау қаласындағы №29 жалпы білім беретін орта мектепке арнайы шақыртумен келдім. Мен келгелі отбасыма отбасылық жатақханадан орын берілді және 2 балам бар, балаларымды арнайы балабақшаға орналастыруға көмектесті және де жұмыс орнымды осындай жаңа технологиялармен жабдықтап беріп жатыр. Өте қуаныштымын. Енді алдағы уақытта үмітті ақтап, оқушыларды осы жерде дайындап, Қазақстанның болашағын дамытатын жастарды дайындаймыз деген сенімдеміз.

Аймақ мектептеріне 260-қа жуық мұғалім жетіспейтін еді. Маман тапшылығын шешу мақсатында биыл арнайы жоспар құрылды. Мұнайлы өлкеге қажетті мамандарды тарту үшін еліміздің әр түкпірінен ұстаздар шақыртылып, 157 жас маман жұмысқа қабылданды. Келісімге сәйкес оларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр.

Нұрлыбек Қойжанов, облыстық білім басқармасы басшысының м. а:

- Енді 100-ге жуық мұғаліміміз бар. Біз оны облыс әкімінің гранты есебінен, сосын қосымша Батыс аймақтардағы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында орналасқан жоғары оқу орындары бар, Есенов университеті бар өзіміздің өңірімізден, солардан шыққан жас мамандар арқылы жабуды жоспарлап отырмыз.

Бала туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы орында тұрған Маңғыстауда мектепке баратын оқушылардың қатары жыл сайын еселене түсуде. Биыл білім алатын балалардың саны 135 мыңды құрамақ. Өткен жылмен салыстырғанда 6 мың оқушыға артқан. Қарқынды табиғи өсім балаларға сабақ беретін ұстаздар санын көбейтуді талап етіп отыр. Осыған орай биыл облыс әкімі өңірге қажетті мамандарды даярлау үшін 157 оқу грантын тағайындады. Оның басым бөлігі мұғалім мамандықтарына бөлінді. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Осы категория бойынша: « Ақтауда смарт мектеп ашылады Елімізде психологтардың біліктілігін арттыру бағдарламасы жемісін берді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы