365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Білім саласындағы олқылықтар қашан жойылады?

  • 640
  • UPD: 21:16, 09.10.2018

Ел ішіндегі 300-ден аса мектепте не асхана, не ауызсу жоқ, деп хабарлайды «Хабар24».

220-ға жуық білім ошағында мұғалімдер мен оқушылар тіршілік көзін сырттан тасып ішуге мәжбүр. Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі және бар. Бүгін Үкімет отырысында осы сынды өткір сұрақтарға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жауап берді.

Ақмола облысында үш ауысымда білім беріп жатқан 11 орта мектеп бар. Басым бөлігі өзге емес, елорда маңындағы Целиноргад және Аршалы аудандарында орналасқан. Қалғандары Бурабай мен Көкшетауда. Себебі аталған аудандар мен Көкше шаһарында халық саны жыл санап өсіп келеді. «Дегенмен олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстар жасалып-ақ жатыр», – дейді жауаптылар. Бірақ миграция деген бар. Халықтың көші-қоны өсіп келеді. Мәселен, былтыр аймақта 5 мектепте ғана балалар үш ауысымда оқыса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артқан.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірде үш ауысымда білім беріп жатқан мектептердің бары рас. Бүгінде бұл проблеманы шешу үшін Целиноград ауданының Қажымұқан, Қоянды ауылдарында білім ошақтары салынып жатыр. Қосшы елді мекеніне жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Щучинск қаласында да 800 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Ал облыс орталығындағы төрт мектептің жанынан қосымша ғимараттар тұрғызамыз.

Тек Ақмола емес, үш ауысымды мектептер бірнеше аймақта өзекті мәселеге айналған. Дәйектей кетейік. Республика бойынша 127 үш ауысымды мектеп бар. Бүгінде жаңадан 63 білім ошағы салынып жатыр. Тағы он бірінің құрылысына республикалық қазынадан қаражат қарастырылған.

Ал «үш ауысымды мектеп» дегенге біржола нүкте қою үшін министр Сағадиев мырза бүгін Үкімет отырысында өзінің ұсынысын айтты.

Жекеменшік компанияларға мектептерді салу үшін жеңілдікпен кредит алу мәселесін қарастыру қажет болып тұр.

Тек үш ауысымды оқыту емес, білім саласына келгенде өзге де кемшіліктер жетіп жатыр. Мұны Ерлан Сағадиевтің өзі де жасырмайды.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бақытжан Әбдірұлы, білім саласында жасайтын жұмыс бағыттары өте көп. Оның ішінде қосымша білім беру, спорт залдары, инклюзивті білім, тамақтану, ауызсу мәселесі бар.

Ауызсу – өткір тұрған мәселе. Елдегі 310 мектепте ішуге жарымды тіршілік нәрі атымен жоқ. Мәселен, Түркістан облысын алайық. Бұл өлкеде ауызсумен қамтылмаған 8 бірдей білім ұясы бар. Мұндай мектептерге су осы күні арнайы техникамен тасымалданып келеді. Бұдан бөлек, 902 мемлекеттік мектептің 183-інде арнайы спорт залдары да жоқ.

Нұржан Ізтілеуов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде өткен оқу жылында 30 мыңнан астам бала мектеп бітірген болса, 70 мың бала мектепке келді. Соның есебінен бізде үш ауысымға өтіп кетіп жатқан жағдай бар. Жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2018-2021 жылдары толық шешу жоспарланған.

Министр мәлімдегендей, алдағы уақытта оқулықтар жаппай электронды түрге ауыстырылады. Білім және ғылым министрлігі оқушылардың сөмкесін осылайша жеңілдетпек.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Бүгінгі күннің өзінде жаңартылған білім мазмұнына көшкен сыныптар барынша электронды оқулықтармен қамтылған. Қазіргі уақытта балалардың 70 процентіне электронды кітаптар қолжетімді. Алдағы уақытта оқулықтар толықтай электронды түрде шығарылады. Ал буыны бекімеген баланың белін қайыстыратын сөмке мәселесіне келсек, алдағы уақытта барлық мектептерге сөрелер қойылады. Яғни оқушылар кітаптарын арқалап үйіне тасымай, сөрелерге қалдырып кетеді.

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау. Тағы білім саласына тіреліп тұр. Айталық, елдегі 147 мыңнан аса бала ерекше білім беру қажеттілігіне тәуелді. Ал өздігінен жүріп тұра алмайтын 10 мыңдай балғын мектепке мүлдем бармай, үйде оқуға мәжбүр.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында кадрлардың жетіспеушілігі, жүйені әдістемелік қамтамасыз ету, кедергісіз орта құру шеңберінде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту сияқты мәселелерді шешу қажеттігін ескертті.

Тек білім алуда емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы да өзекті. Бүгін Үкіметте белгілі болғандай, таяуда бір әуе компаниясының өкілдері мүмкіндігі шектеулі азаматты ұшақ бортына кіргізбеген. Қазір бұл мәселемен Инвестициялар және даму министрлігі айналысып жатыр. Осы тұста айта кетейік, бұдан былай ұшу кезінде мүмкіндігі шектеулі адаммен ілесіп жүрушінің болуы міндетті емес. Мұндай талап алынып тасталды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев, АСхат Қарақойшиев, Ерлан Наурызбаев

Осы категория бойынша: « Электронды оқулықтар оқушылардың ауыр сөмкесі мәселесін шешеді - Ерлан Сағадиев Қызылордалық «Мұрагер» ордасы Назарбаев мектебінің әдістемесін қолдануды бастап кетті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы