377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда зияткерлік мектептер тәжірибесін тарату бойынша 30 білім ордасы бар

  • 1073
  • UPD: 21:12, 15.10.2018

«Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ».

Жолдауда жүктелген міндет өңірлерде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, елімізде зияткерлік мектептер тәжірибесін тарату бойынша пилоттық негізде 30 білім ордасы анықталған. Соның екеуі Батыс Қазақстан облысында.

Жылдың басты құжатында Президент мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттігін атады. Әсіресе, ұстаз бойындағы креативтілік, сыни ойлау, коммуникативтілік және командада жұмыс істей білу секілді қасиеттер басты орынға шығуы тиіс. Бұл ретте Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық іс-тәжірибесін орта білім беру жүйесіне таратудың маңызы арта түседі.

Аягөз Хамзина, облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің директоры:

– НЗМ іс тәжірибесі бойынша қазір мектептерде кураторлық қызмет енгізілді. Тәрбие саласы бойынша барлық әлеуметтік жоба енгізіліп жатыр. Сонымен қатар НЗМ базасында 6 мектеп директоры, ауыл мектептерінің директорлары тағылымдамадан өтіп жатыр. Яғни бір жұма бойы осы мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, ертең өз мектептеріне барып, осы жаңалықтарды енгізуге жұмыстанып жатыр.

Жолдау жүктеген міндеттің бірі – білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу. Бұл салада облыс мектептері мен НЗМ арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. «Мемлекет басшысы айтқандай, орта мектептерде балаларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу қолға алынды. Осы арқылы оқытудың жеке бағдарын жасап, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік туады», – дейді ұстаздар.

Айдар Сұлтанов, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Тәжірибе таратудың негізгі бағыттарын айтар болсақ, мұғалімдер әдістемелік көмектермен шектеліп қалмайды. Бұл кітапхана ісін жолға қою, тәрбие ісі бағытында, содан кейін түрлі бағыттарды дамыту, соның ішінде робототехника үйірмесі барлық мектепте ашылып жатыр.

Динара Жалетова, М.Ықсанов атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

– Қазір оқу бағдарламасының жаңаруында байқап отырғанымыз, сабақтардың бір-бірімен байланысы және оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасының өзгеруімен қатар бағалау жүйесі да өзгеріп отыр. Бұл критериалдық бағалау оқушыларға өздерін бақылауға, өздерін бағалауға үлкен мүмкіндік береді. Өздерінің қатесін түзеуге үлкен мүмкіндік береді.

Биыл аймақта білім беру жүйесіне 61 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. 1098 орындық үш бірдей мектептің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда 5 білім беру нысаны салынып жатыр. Жолдауда алғаш рет мұғалім мәртебесі, оның келер жылы заң жүзінде бекитіндігі айтылды. Ұстаздар қауымы бұл жаңалықты да зор қуанышпен қабылдап  отыр.

Салтанат Қадырешова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Осы уақытқа дейін мұғалім мәртебесі ерекше айтылып келе жатыр. Мұғалімдерге қажет емес міндетерді жүктеп қою мәселелері заңнамада қаралады деп ойлаймыз.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы