364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі медбикелер магистратура мен докторантурада білім алады

  • 161
  • UPD: 10:24, 25.10.2018

Келер жылдан бастап медбикелер магистратура мен PhD докторантурасында оқитын болады.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы осындай бастаманы қолға алып отыр. Қазір медбикелердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылып жатыр. Биылдың өзінде 300 маман пилоттық жоба аясында жаңа бағдарлама бойынша білім алды.

Қазір елімізде 120 мың медбике жұмыс істеп жатыр. Оларды 80-ге жуық медициналық колледж дайындайды. Биыл пилоттық жоба аясында 300 медбике  бакалавр бағдарламасы бойынша оқып шықты. Олар 3 жарым жыл бойы білімін шыңдады. Енді бұл мамандар дәрігердің бірқатар міндетін атқаратын болады. Яғни, науқас емханаға келген кезде медбикелер алдын ала қабылдау жүргізеді. Жаңа талаптарға сәйкес, олардың жалақысы да көтеріледі.

Виталий Койков, ДСДРО білім және ғылымды дамыту орталығының басшысы:

- Білікті бакалавр медбикелерді дайындау үшін біз Финляндия елінің мамандарын шақырдық. Дуалды білім беру жүйесін енгіздік. Енді болашақ медбикелер теорияны зерттеумен ғана айналыспайды. Олар көп уақытын ауруханада өткізіп, тәжірибе жинайды. Биыл 15 колледж аккредиттеуден өтіп, бакалаврды дайындау құқығын иеленді.  Болашақта мұндай мекемелердің саны артады.  

Биыл білімін шыңдап, жұмысқа кірісіп кеткен мебдикелердің қатарында Әйкен Ізбасар да бар. Қазір ол елордалық 5-ші емханада қызмет етіп жатыр. Маманның айтуынша, бакалавриат бағдарламасы оған көптеген жаңа мүмкіндіктер берді.

Әйкен Ізбасар, № 5 қалалық емхананың медбикесі:

- Мен науқастарды қабылдаймын. Оларға рецепт жазып бере аламын. Тамақтану туралы айтып беремін. 

Емхана дәрігерлері де медбикенің біліктілігіне жоғары баға беріп отыр.

Гүлбайра Қасымова, № 5 қалалық емхананың дәрігері:

- 50 пайызын Әйкеге жүктедік. Әйкен келгелі жұмысымыз жеңілдеді. Ол кемінде 10-15 минут уақытымызды үнемдейді. Науқас келгенде дайын болады. 

Енді алдағы жылы елімізде бакалаврмен қатар, магистрлер мен PhD докторлары дайындалатын болады. Себебі салада білім беру сапасының деңгейін көтеру қажет. Мәселен, қазір медициналық колледждерде сабақ беретіндердің 30 пайызы ғана медбикелер. Қалған жүктеме дәрігерлердің мойнында. Бірақ халықаралық тәжірибеге сүйенсек, сабақты толықтай медбикелердің өздері жүргізуі қажет. Өкінішке орай, әзірге отандық мамандардың біліктілігі оған жеткіліксіз. Жаңа бағдарламалар арқасында бұл мәселе толықтай өз шешімін табуы тиіс. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Аят Дүйсенбаев, Асхат Қарақойшиев

Осы категория бойынша: « Ақмола облысында мектептердің жылу қазандығы жеке басқаруға беріледі МЖӘ аясында жоғарғы көрсеткіштер қай салада байқалады? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы