364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық оқушы қол протезін ойлап тапты

  • 294
  • UPD: 23:35, 10.11.2018

Ақтауда Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы жасанды қол ойлап тапты.

Бұл 16 жастағы Назира Қыдырбаеваның алғашқы ғылыми жобасы. Жас өнертапқыш жасаған қол протезінің өзгелерден ерекшелігі – құрылымы қарапайым және қолжетімді.

Бір протезге 25 мың теңге ғана жұмсаған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуды мақсат тұтқан оқушы болашақта бұл құрылғылардың өзге де өлшемдерін жасап шығармақ.

Шалғайдағы шағын ғана ауылда туып-өскен Назираны мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры көбірек толғандырған. Ақтаудағы зияткерлік мектебіне қабылданған соң ол жасанды қол техникасын зерттей бастайды. Ұстаздарының көмегімен жақында ең қарапайым қол протезін жасап шығарды. Қысым тетігі кәдімгі фальга мен белсендірілген көмірден тұрады.

Назира Қыдырбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

- Бұл жерде қолданатын қысым датчигін біз адамның қолына орналастырамыз. Бұдан қысым түскен кезде адам қолын жұмған кезде бұлшықеттері ісінеді. Сол ісінген уақыттағы мәнді қысым датчигі есептейді. Микроконтроллерге жібереді және микроконтроллер бұл мәнді градусқа айналдырып, сервоматорға жібереді. Және сервомотор келген градусқа сәйкесінше бұл қолды жұдырыққа жұмады немесе ашады.

Жас өнертапқыштың туындысы нарықтағы протездерден 20 есе арзан. Ол бұл жұмысына 25 мың теңге ғана жұмсапты.

«Сондай-ақ кез келген бөлігі сынып қалған жағдайда 3Д принтерінен шығарып, қайта бекітуге болады», - дейді Назира.

Назира Қыдырбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

- Мүмкіндігі шектеулі жанның өзінің қалауына байланысты, мысалы, мына жердегі саусақтарының түстерін өзгертуге болады. Немесе өлшемін өзгертуге болады. Яғни әр адамның қолы әртүрлі болғандықтан мұның өлшемін өзгертуге болады және менің бастапқы протезім орта жастағы үлкен ер адамның қолына сәйкес келетін, көп кездесетін өлшемдердің бірі қылып таңдаған болатынмын. 

Озат оқушы болашақта бұл жобасын заңды түрде бекітіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың пайдасына асырмақ ниетті. Сондай-ақ, өзге де дене мүшелерінің протездерін жасап шығаруды көздеп отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Осы категория бойынша: « Еуроодақ және Орта Азия университеттері ректорларының форумы өтті Қостанай мектептеріндегі кәсіби бағдар беру бойынша жүргізілген кешенді жұмыстар жемісін беруде »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы