377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Иорданияға жетті

  • 258
  • UPD: 14:27, 16.12.2018

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Иордания Корольдігіне келіп жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зерттеушілер бұл елде мәмлүктердің тарихи мұраларын зерттемек. Иордания Шам өлкесінде орналасқан ел және XIII ғасырда қазіргі Палестина, Ливан, және Иерусалим секілді қыпшақ мәмлүктердің иелігінде болған. Экспедиция мүшелері Иорданияда тарихи жерлерді зерттеп, жергілікті тарихшылармен кездесті. Зерттеушілер тобындағы біздің әріптесіміз Саят Жөкенұлының репортажын ұсынайық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» делінген. Даңқты бабаларымыздың Шам жеріндегі билігі әлемдік тарихи үрдістерге ықпал етті. Ұлы даладан шыққан мәмлүктер XIII ғасырда Мұсылман және Христиан әлемі арасындағы қарым-қатынас пен күштердің арасалмағына айтарлықтай ықпал жасаған. «Бабалар ізімен» экспедициясы осыған қатысты тың деректерді жинау үшін Аджлун және Карак бекіністеріне арнайы ат басын бұрған еді.

Сапар Ысқақов «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Бұл Карак қамалы Иерусалим мен Шам жерінің оңтүстігін қорғау ісіндегі стратегиялық нысан болып есептеледі. Ұлы даладан шыққан қыпшақ мәмлүктер осы жерге иелік еткен. Біздің бабаларымыз бұл жерлерде бірнеше қамалға иелік еткен. Ал осы Карак қамалы солардың ішіндегі ең маңыздысы және үлкені. Сұлтан Бейбарстың жарлығымен осы қамалда мынадай мұнара да салынған болатын. Мұндай мұнаралар бұл жерде бірнешеу.

Карак қамалында 1260-1277 жылдар аралығында Сұлтан Бейбарыстың бұйрығымен Бурдж әл Захир, бурдж әл Банави және Бурдж әл Сауб деген үш мұнара салынады. Қыпшақ мәмлүктер шығыста моңғол-татар шапқыншылығына тойтарыс берсе, батыстан төнген Крест жорығының қаупін біржолата жоя білді. Осының арқасында олар ислам әлеміндегі ең күшті және ең беделді мемлекетке айналды. Сол себептен де мәмлүктерді ел арасында дінді қорғаушылар, исламның қорғандары деп атай бастайды. Көп ұзамай олар Хиджаздағы Мекке және Медине қалаларын да өз қарамақтарына алады. Осылайша, мәмлүктер мұсылмандардың қауіпсіздігі мен олардың қажылық сапарларына да кепілдік берген еді.

Мұхаммед Ғуанме Ярмук университетінің профессоры:

- Біз Сұлтан Бейбарыс туралы мектепте көп оқыған едік. Ол аңыз адам. Елі мен жері үшін ешқашан аттан түспеген тұлға. Кезінде ол ешкімге айтпай құпия түрде Египеттен Дамаскіге немесе басқа жерлерге бет алады екен. Мұндайда жанына тек ең сенімді серіктерін ғана ілестіріпті.  Және олардың жетектерінде бірнеше аттан болады екен. Ол аттарды жол бойы ауыстырып мініп, суыт және өте тез жүрген. Сұлтан Бейбарыс кез келген қамал немесе елді мекенге келіп қалғанда сол жердің қараушысы таң-тамаша болады екен. Бұл сұлтанға өз еліндегі ахуалды тікелей бақылауда ұстауға және халықтың жағдайын біліп отыруға мүмкіндік берген.

Тек осы мысалдың өзі ғана мәмлүктердің ежелгі көшпенділердің ұрпағы ретінде ат үстінде жүріп, ат мәдениеті арқылы жетістікке жеткенін көрсетеді. Президент мақаласында Ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтау туралы айтылған. Сондықтан Сұлтан Бейбарыс және Әл-Мансұр Қалауынға қатысты деректану, фольклор және археологилық тың зерттеулер жүргізу алдағы үлкен міндеттердің бірі.

Бабалар ізімен экспедициясы 1 аптаның ішінде Иордания мен Ливанда болды. Зерттеушілер осы елдердің ғалымдарымен кездесіп, Шам жеріндегі Мәмлүктерге қатысты тарихи жерлерге барды. 

Естеріңізге сала кетейік, «Бабалар ізімен» экспедициясы 2018 жылы Үндістан, Египет, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Украина сияқты елдерде болды. Енді бұл сапарлар 2019 жылы басқа елдерде де жалғасады деген сенім бар.

Авторлары: Саят Жөкенұлы, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы