377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық оқушы теңіз айдынынан қоқыс теретін робот құрастырды

  • 213
  • UPD: 15:44, 24.12.2018

Ақтаулық оқушылар қайық макеттері мен инженерлік құрылғылар, тіпті адамзатқа қолғабыс боларлық роботтар құрастырып жатыр. Облыс орталығындағы мектептердің бірінің жанынан ашылған SТЕМ-зертханасында балалар компьютерлік бағдарламалар жазып, ІТ-технологиялар әліпбиін жаттап жүр.

Бесінші класс оқушысы Жасұлан Боранбай теңіз бетіндегі және жағажайдағы қоқысты жинауға машықтанған робот жасап шығарған. Бұл жоба республикалық «Зерде» байқауының қалалық кезеңінде екініші орынды иемденді. Су бетінде қалықтауға гироскоп көмектессе, шынжыр табан кез-келген құмда еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Ал компас арқылы бағыт-бағдарды анықтайды.

Жасұлан Боранбай, қалалық №29 орта мектептің оқушысы:

- Екі мотор арқылы екі қалақшаларын айналдырып тұр. Мысалы оның алдында қоқыс тұр делік. Ол қоқысқа қарай жүзіп келеді де көтергіш мехнизмімен қоқыс салатын жәшігіне салып алады. Бұл адамдардың жұмысын жеңілдетеді. Және өздігімен қоқыстарды жинайды. Үшіншіден, бұл табиғатқа еш зияны жоқ.

Жас инженерлер автокөлік пен қайық құрастырады. Әзірге мұндай SТЕМ-зертхана Ақтаудың тек бір ғана мектебінде бар. Ал 39 білім ошағында 49 робототехника үйірмесі ашылған. Мәселен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәзира Қыдырбаева пластик пен жұқалтыр, платаның көмегімен жасанды қол құрастырған.  

Нәзира Қыдырбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Қолын қимылдатуды ойлаған адамның тиісті бұлшық еттері қозғалады. Сәйкесінше бекітілген тетік мидан жеткен белгіні Ардуино платосына өткізіп есептеледі. Одан әрі қимыл жүзеге асады.

Болашақта Нәзира мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуді ойлайды. Ал SТЕМ-зертханасының тәлімгерлері кеме құрастырудан ел біріншілігінде топ жаруды жоспарлаған. Қазылар алқасына ұсынатын су көлігі кішігірім демесеңіз, кәдімгі кемеден ешқандай айырмашылығы жоқ.

Мансұр Есқожин, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев

Хабар 24 телеарнасы