377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда университеттік клиника ашылды

  • 174
  • UPD: 23:17, 27.12.2018

Қарағандыда университеттік клиниканың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді еліміздегі үздік медициналық жоғары оқу орнында өз емдеу базасы болады. Осының арқасында білім, ғылым және тәжірибе бір жерде тоғысып, денсаулық сақтау саласында тың бастама қолға алынып отыр.

Дәл мынадай операция жасау бөлмесінің еліміз бойынша теңдесі жоқ. Мұнда ең соңғы үлгідегі хирургиялық қондырғылар орнатылып, трансляциялау жүйесі енгізілген. Бейнекамералар онлайн режимде ашық операциялар өткізіп, тәжірибелі мамандардың жұмысын студенттердің көзбен көруіне мүмкіндік береді.

Нұрқаси Абатов, медициналық клиниканың хирургиялық аурулар кафедрасы меңгерушісі:

- Бұл кез келген хирургтың арманы. Бұл жерде студенттер 7, 11, 12 жыл бойы оқып, жан-жақты білім алады. Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласына дайын кадр болып барады. Мұнда теориялық, тәжірибелік білімді қатар алып жүруге мүмкіндік бар. 

Нысан сыйымдылығы 100 адамға есептелген. Тек хирургиялық бөлімнің өзі 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Ал қызметкерлері жоғары оқу орнының үздік профессор-оқытушылар құрамы таңдап алынған. Келешекте ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысу жоспарда бар.

Бақыт Көшерова, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің проректоры:

- Біз хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ерекше жолмен жасалатын операциялар болмақ. Мұндай операцияларды облыс бойынша біз ғана жасаймыз.

Сондай-ақ мұнда интерндер мен резиденттер білім алып, дәрігер мамандар біліктілігін арттырады. Медициналық құрылғымен алғашқылардың бірі болып еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс істеп көрді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мұнда дәрігерлер емдеу мен оқытуды қатар жүргізеді. Университеттік клиникалардың ерекшелігі осында. Бұл – Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған бастама. 

Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бағдарлама медициналық университеттердің өз клиникасы болуына бағытталған. Ал мына жаңа нысан жақын күндері қызмет көрсетуін бастайды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Юлана Чаус

Хабар 24 телеарнасы