389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҰБТ 2019: Ақылы тест тапсыруға Алматыдан 3 жарым мыңға жуық өтініш түскен

  • 3785
  • UPD: 16:59, 18.01.2019

Мектеп оқушыларына арналған кешенді тест басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрге айналған ұлттық бірыңғай тестілеу алдында мектеп оқушылары кешенді тест тапсырып жатыр. Бұл жолы жиналған балл ақылы оқу түрі үшін жарамды.

Аршын Кемелжан, тілші:

– Алматылық оқушылар алғашқы кешенді тестті тапсырды. Тест төрт жоғары оқу орнында өтті. Оған үш мыңнан аса оқушы қатысты. Жалпы республика бойынша отыз мыңнан аса өтініш түскен. Биылғы кешенді тесттің бірқатар жаңалығы бар. Біріншіден мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін төрт рет бақ сынай алады. Оның үшеуінде ақылы түрде оқуға, маусым айындағы ұлттық бірыңғай тест кезінде мемлекеттік грантқа үміт арта алады. Сонымен қатар ағылшын тілінен халықаралық сертификаты бар тест кезінде ағылшын тілінен босатылады. Жалпы бүгін болған тестке кімдер қатысты?

Жандос Құмғанбаев, ұлттық тестілеу орталығының филиал басшысы:

– Осы қаңтар айындағы тестке 11, 12-сынып оқушыларымен қоса шартты түрде қабылданған талапкерлер және шығармашылық емтихан таңдап және ол мамандықты оқымаймын дейтін талапкерлеріміз таңдау пәнді тапсырып, тестке қатысып жатыр. Қалған наурыз, тамыз, маусым айындағы өтетін тесттерде 11, 12-сынып бітіруші түлектер қана қатысады. 

Аршын Кемелжан, тілші:

– Жоғары оқу орындарына ақылы түрде түсушілер кешенді тесттің бар болғаны 2242 теңге ақысын төлеп, қабылдау комиссиясына құжат тапсырса жеткілікті. Кешенді тест әдеттегідей үш міндетті пән, екі таңдау пәннен тұрады. Жалпы бұл кешенді тест екі күнге созылады. Ертең кешенді тесттің қорытындысы жарияланып, оқушылар өз алған балдарына байланысты сертификатын қолдарына алады. Дәл осы сертификат арқылы алдағы оқу жылында жоғары оқу орынына ақылы түрде тапсыра алады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы