378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдық оқушылар ғарыш кешенін Марсқа жібермек ниетте

  • 416
  • UPD: 15:07, 24.02.2019

Келешекте көзі көрмейтін жандар да қоршаған ортаны танып-білумен қатар өз бетімен оқып, жаза алуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақ жерінде жасалған ғарыш кешені қызыл ғаламшарды бағындырар күн де қиял жүзінде қалмайды! Түрлі тақырыпта ғылыми зерттеулер жасап жүрген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары осындай пікірде.

Эламир Қадырғалеевтің жобасы көздері нашар көретін немесе зағип жандарға арналған. Қолға киілетін камера көз алдындағы заттар жөнінде бірден дыбыстап хабар береді. Әрине, бұл әзірге тәжірибе жүзіндегі жоба. Дегенмен зерек шәкірт оның болашақта мұқтаж жандарға көмегі ұшан-теңіз боларына сенімді.   

Эламир Қадырғалеев, Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы:

- Бұл жобада мен көзі көрмейтін жандар үшін айналаны танып-білуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект және нейрондық жүйені пайдаландым. Бұл бағдарламалық модуль олар үшін өте қолайлы әрі күнделікті жүріп-тұруына көмектеседі. Мысалы, мына камера 100-ге жуық нәрсені танып, ол туралы иесіне қысқаша мәлімет бере алады.  

Оқушылар өз жобаларымен сабақтан тыс кезде айналысады. Роботты техникалар өз алдына, аграрлық сала бойынша да ұсыныстары баршылық. Мына шағын жылыжайда түрлі өсімдіктер мен жеміс-жидек өсіріледі. Оқушылар бұл тәжірибе алаңында табиғи тыңайтқыштар мен қоспалар дайындайды. Солардың бірі Сабина Исқақова қияр өсіруге арналған қауіпсіз тыңайтқыш ойлап тапқанын айтады.  

Сабина Искакова, Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы:

- Қазір мен органикалық ГМО-сыз тыңайтқышты зерттеу бағытында жұмыстанып жатырмын. Оның құрамында пияз қабығының қайнатпасы, жұмыртқа қабығы, қант, шай және ашытқы бар. Солай біз органикалық тыңайтқышты аламыз. Органикалық тыңайтқыш пайдалану арқылы зиян келтіретін химикаттардан бас тартуға алады.

Ізденімпаз жастардың тағы бір тобы ғарыш кешенін келешекте Марс ғаламшарына жібермек ниетте.   

Дана Нұрсұлтанова, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы:

- Марсқа қонған кезде ол ашылады. Және оның әрбір секторында, төрт бөлігінде әртүрлі қызмет атқаратын бөліктер болады. Ортасында жалпы басқару жүйесі болады. Қалған төртеуінде бақша, яғни адамдарды тағаммен, оттегімен қамтамасыз ететін жүйе орналасады. Өзгелерінде зерттеу орталығы және де өзге де құраушы бөліктер орналасады.

Исмайл Мубиру, математика және робототехника пәнінің мұғалімі: 

- Оқушылардың барлық жобалары нақты тәжірибелік жұмыстардың нәтижесіне негізделген. Олар қоғамға өте пайдалы және оқушылардың өз инновациялық жобаларын жүзеге асыруына жол ашады деп сенемін.    

Жалпы, оқушылар түрлі бағыттарды қамтитын жүзге жуық жобаны қолға алған. 3 жоба бойынша патент алу жөнінде ұсыныс жасалыпты.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы