375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада ІХ «Наурыз кездесулері» басталды

  • 193
  • UPD: 13:21, 17.03.2019

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден астам дарынды оқушы бүгін Сыр елінде бас қосты.

Олар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Наурыз кездесулері» шарасына қатысып жатыр. Аталмыш шара осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр.

Биылғы «Наурыз кездесулеріне» «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбы таңдалды. Ал оның Сыр өңірінде өтуі заңдылық. Өйткені əлемге əйгілі Байқоңыр ғарыш айлағы осы өңірде орналасқан. Айтпақшы шараға қатысушы оқушылар бірер күн бұрын Байқоңырда болып, ғарыш кемесінің ұшырылу сəтін тамашалаған болатын.

Осындай ұмтылмас ерекше əсерге бөленген оқушылар да кездесуге құр алақан келмепті. Жас ізденушілер аэроғарыштық инженерияның өзекті тақырыптары бойынша 80-ге жуық ғылыми жоба ұсынды. Олардың ішінде аспан денелерінің және ғарыш аппараттарының 3D модельдері, орбиталық станциялардың жобалары, әмбебап борттық құрылғылар, көпфункционалды зымырандар, ғарыштық прототиптердің ассистенті және инновациялық технологияларды қолдану жобалары бар. Жас өнертапқыштар халықаралық ғарыш станциясын қоқыстардан қорғау және тазарту, ғарышкерлерге тамақ, медицина және арнайы техника үшін жағдайды оңтайландыру мәселелеріне көп көңіл бөлген. Ал озық ойлы оғландардың жұмысына еліміздің ғарышкерлері, Халық қаһармандары – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, NASA өкілдері, Еуропалық ғарышкерлерді дайындау орталығының ғылыми қызметкерлері, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі жоғары оқу орындарының астронавтика саласы мамандары баға беріп, дəрістер оқыды.

Шараның үшінші күні оқушылар «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінен бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағы мұражайы, «Буран» орбиталық кемесі, Гагарин және Королев үйлері мен Гагарин старты айлағын тамашаламақ.

Авторы: Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы