389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық оқушы Гарвард университетінің грантына ие болды

  • 883
  • UPD: 18:46, 16.04.2019

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Селимжан Чалышкан екі бірдей халықаралық университеттің грантын жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24.

Оның бірі - әйгілі Гарвард университеті болса, екіншісі Абу-Дабидегі Нью-Йорк университеті.

Селимжан Чалышкан – зияткерлік мектептің дарынды оқушыларының бірі. Қазақстанның биология пәні бойынша олимпиадалық командасына кірген ол бұған дейін бірнеше халықаралық білім байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен. Ғылыми жетістіктерінен бөлек зағип жандарға арналған «Оқып көр» инновациялық жобасы республикалық байқауда үздік деп танылған еді.

Раушан Бугуева, физика-математика бағытындағы нзм биология пәнінің мұғалімі:

- Селимжан ол ізденімпаз табанды еңбекқор оқушы. Алдына бір мақсат қойса, сол мақсатқа жетпей қоймайтын оқушы. Сонысымен мақтанамын. Сол жеке қасиеті оны осындай биік шыңға алып шықты деп ойлаймын. Өйткені екінің бірі мұндай Гарвард университетіне, немесе бірден екі университетке түсу қолынан келе бермейді.

Әлемге әйгілі Гарвард университетіне түсу расымен де оңай емес. Мәселен, былтыр 43 мың үміткердің 2000 мыңы ғана арманына қол жеткізген. SAT Subjekt Tests халықаралық емтиханында көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Гарвард университеті Селимжанға арнайы шақырту жіберіпті.

Селимжан Чалышкан, физика-математика бағытындағы НЗМ 12-сынып оқушысы:

Сэт ридинг бойынша 1480 балл алдым. 1600-ден. Сосын биология химия математикадан таспырған кезде мен математикадан 800-ден 800-ін алдым. Биологиядан 800-ден 800 алдым. Химиядан 470 алдым.

Сондай-ақ Селимжан биыл Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің толық грантына ие болды. Әлемнің ең дарынды жастары білім алатын жоғары оқу орнына үміткерлердің тек 3% ғана қабылданады. Селимжан наурызда университеттің шақыруымен білім ордасына барып, жұмысымен танысып қайтыпты. Енді ол осы екі оқу орнының бірін таңдайды.

Селимжан Чалышкан, физика-математика бағытындағы НЗМ 12-сынып оқушысы:

- Мен әлі шешкен жоқпын. 1 мамырға дейін жауабын беру керек. Менің ойымша, екі университет те өте мықты. Яғни, әрбір университеттің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында физика-математика зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Ақназар Қажымұрат халықаралық емтиханнан ең жоғары 2400 балды жинап Гарвард униерситетінің грантын жеңіп алған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы