Қарағандыда халықаралық студенттер олимпиадасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Полиглот жастар 5 тілден бақ сынады. Олар екі күн ішінде ағылшын, неміс, француз, қытай және орыс тілдерінен ауызша және жазбаша емтихан тапсырды. Білім бәйгесіне әлемнің 5 елінен 34 университеттің студенттері қатысып отыр. «Игі шара жастардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырып, жоғары оқу орындары арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады», – дейді ұйымдастырушылар.
Мейрамгүл Жетпісбаева, мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары:
- Қазіргі жаһандану, интеграция жағдайында шет тілді білу деген үлкен мақсат, үлкен ресурстарға қол жеткізу. Қазақстанда халықаралық деңгейде алғаш рет осындай олимпиада ұйымдастырылған. Бір жағынан, бұл іс-шара шет тілді үйренуге уәждеу, ішкі мотивацияларын арттыру, екінші жағынан, Жастар жылының аясында өткізіліп жатқан іс-шара деп қабылдауға болады.