378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық оқушылар украин тілін аса қызығушылықпен үйреніп жүр

  • 259
  • UPD: 10:17, 29.04.2019

Еліміздегі оқушылар мемлекеттік тілмен қатар неміс, кәріс, француз, украин, тәжік, араб тілдерін де қоса меңгеріп келеді.

Ол үшін қосымша сабақтар өткізіледі. Өзге тілді оқи ма, жоқ па, оны баланың ата-анасы шешеді. Яғни міндетті емес. Шет тілдің бірі елордадағы бірегей мектеп-гимназияда оқытылады.

Наталья Глущенко. Елордадағы номері 47  мектеп-гимназияда 24 жыл бойы қызмет етіп келеді. Украин тілінен сабақ береді. Оқу ордасында осы күні бірнеше ұлттың балалары білім алады.

Наталья Глущенко, мұғалім:

- Украин тілін асқан қызығушылықпен оқиды. Мектепте украин ұлтының балалары да аз емес. Сондықтан бұл алдымен тарихи отандарын білуге жасалып отырған мүмкіндік. Яғни елімізде барлық азамат тең құқылы. Бәрі бірдей оқып, өмір сүріп, қызмет етеді. Салт-дәстүрлерін де сақтап, ұлттық құндылықтарын дәріптей алады.  

Бұл жерде оқушыларға украин тілі тереңдетіліп оқытылады. Бүгінгі күні мұндай оқу ордасы Орталық Азияда біреу ғана. Сондықтан мектепте білім алғысы келетіндердің қатары да қалың.

Ольга Тодераш, «№ 47 балабақша-мектеп-гимназия» кешені» ММ директоры:

- 1994  жылы сегіз-ақ оқушы болатын. Қазір білім алатын балаларымыздың саны 263-ке жетті. Кешеніміздегі балабақшада 20-ға тарта бүлдіршін тәрбиеленіп келеді. Гимназияда 24 ұлттың өкілі оқиды. Барлығы да украин тілін меңгеруге құштар. Сөйлейді, ән айтады, украиндардың тарихын, мәдениеті мен әдебиетіне терең бойлайды. 

Бүгінде Қазақстан мектептерінде жаңа тәжірибе қалыптасып келеді. Бұған дейін оқу ісі тек типтік жоспар негізінде жүргізілетін. Яғни оған өзгерту енгізу мүмкін емес еді. Ал қазір жағдай өзгерді. Мектептердің алдында таңдау бар. Мәселен, өзге этностардың тілін меңгеру бойынша факультативті сабақтарды оқу бағдарламасына енгізуге болады. Тіпті оны ата-аналар да ұсына алады.

Бибігүл Сартаева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үш тілді білім орталығының директоры:

- Біздің елде бірегей тәжірибе бар. Оған сәйкес білім алу тілін таңдауға болады. Ол оқушылардың сұранысына байланысты. Біздің мектептерде ата-аналар қоғамы оқушылардың сабағына белсенді араласа алады. Ата-аналар кеңесі өздері ақылдаса келе, қосымша үшінші немесе төртінші тілді бізге ұсынады. 

Оған қоса, еліміз бойынша үш тілді негіздегі білім жүйесі енгізілуде. Қазірдің өзінде Қазақстанда мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ 150-ден астам мектепте жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы