378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы түлектердің 83 пайызы ҰБТ тапсырады

  • 124
  • UPD: 15:30, 13.05.2019

Биыл Ақтөбе облысында 6200-ден астам оқушы мектеп бітіреді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың 83 пайызы Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

Нұрдәулет Ізбасаров Ұлттық бірыңғай тестке тыңғылықты дайындалып жүр. Бірінші сынаптан-ақ озат оқушылардың қатарынан көрінген ол қазір көбірек ізденеді. Бар ойы – арманына айналған мамандықтың иесі атану. «Алтын белгіге» үміткер – өзі оқып жатқан гимназия мақтаныштарының бірі. Оның ендігі мақсаты – алдағы тестілеуден жоғары балл жинап, ата-анасы мен ұстаздарының сенімін ақтау.

Нұрдәулет Ізбасаров, 11 сынып оқушысы: 

- Бұл ҰБТ үлкен сын болып келеді және де Ұлттық бірыңғай тестілеуге жүйелі, тиянақты түрде дайындалып келемін. Ұлағатты ұстаздарыммен бірге дайындалуды сонау қыркүйектен бастап кеттік. Болашақта спортшы болғым келеді.

Бұл білім ұясын биыл 74 оқушы бітіріп, оның 64-і Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Түлектердің білім деңгейін байқататын сын кезеңі жақындаған сайын қобалжу басым. Алайда балаларды сынаққа жіті дайындау барысы оқу жылының басында-ақ бір жолға қойылған. Соның негізінде  былтырғы бітірушілердің басым бөлігі мемлекеттік грант иегері атанған. 

Айжан Жамбылова, №32 мектеп-гимназиясының директоры:

- 11 сынып оқушыларына жүйелі түрде таңдау пәніне байланысты пән мұғалімдері үнемі жұмыстар жүргізіп отырады. Қосымша сабақтар береді. Әрбір мұғалім сабақ беріп отқан оқушының бүкіл жағдайын жасауға тырысады. Демалыс күндері бізде үнемі ҰБТ-ға дайындық жүреді.

Биыл облыста 15 арнайы орталықта мектеп бітіретін түлектерден тест қабылданады. Оның көбісі аудандарда орналасқан. 

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы біздің облыстан 6237 түлек бітіргелі отыр. Соның 83 пайызы жалпы маусымда өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысайын деп отыр. Биылғы өзгешеліктердің бірі – Ұлттық біріңғай тестілеу 4 рет өткізіледі. Бұл жердегі өзгешелік – қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін ҰБТ жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне қабылданатын оқушылар үшін өткізіледі.

Түлектер Ұлттық бірыңғай тест пен кешенді емтиханды бірге тапсырады. Бұл – биылғы жылдың басты жаңашылдығы. Науқанның өзге де ерекшеліктері қазір білім ұяларында түсіндіріліп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы